Павлодар облысында ЖИ әділет органдарының қызметін жетілдіруде

Павлодар облысында ЖИ әділет органдарының қызметін жетілдіруде
Фото: pexels.com/Pavel Danilyuk

Онлайн кабинет сұратылған ақпараттың жауабы бес жұмыс күн ішінде қайтарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облыстық әділет департаменті басшысы орынбасарының м.а. Айнұр Канопьянованың айтуынша, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша департаментке жеке және заңды тұлғалардан екі мыңнан астам өтініш түскен. 

– Өтініштердің басым бөлігі жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты. Барлық өтініштер заңда белгіленген 15 күнтізбелік күн ішінде, ал тексеру қажет болған жағдайда 30 күнге дейінгі мерзімде қаралады. Әрбір өтініш департаменттің бақылауында және мерзімі сақтала отырып орындалады, – деді департамент басшысы. 

Әділет министрлігі Республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесе отырып, 2025 жылдың шілде айынан бастап жаңа электрондық сервис – «атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинетін» іске қосты.

Бұл сервис – әділет жүйесін цифрландыру аясында жасалған маңызды жаңалық, оның басты мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың атқарушылық істер бойынша өзара іс-қимылын жеңілдету, процестің ашықтығын арттыру және әділет органдарына жеке бару қажеттілігін азайту.

– Қызмет әділет саласындағы үлкен серпіліс. Енді борышкерлер де, өндіріп алушылар да өз істерінің барысын онлайн режимде көріп, бақылап, өтініш беріп, тіпті қарыздарын онлайн төлей алады. Бұл уақыт үнемдеуге және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Айнұр Канопьянова.

«Атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті» арқылы қолданушылар, онлайн өтініш бере алады, істің орындалу барысын бақылай алады,  қажетті құжаттарды тіркеуге мүмкіндік бар, интеграцияланған төлем жүйелері арқылы қарызды онлайн төлеуге болады, сот орындаушысымен тікелей байланысқа шығып, сұрақ қоюға жағдай жасалған.

– Қазіргі уақытта атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті туралы барлығы біле бермейді. Сондықтан әзірге небәрі 62 өтініш осы онлайн сервис арқылы тіркелді. Дегенмен, бұл жүйе өз тиімділігін көрсетіп отыр, – деді ол.

Айнұр Канопьянованың айтуынша, егер жеке сот орындаушы азаматтың өтінішіне бес жұмыс күні ішінде жауап бермесе, өтініш автоматты түрде өңірлік палатаға жолданады. Ал палата да шара қолданбаса, мәселе әділет департаментінің қарауына өтеді. Бұл тәсіл жүйенің ашықтығын және бақылаудың тиімділігін арттырады.

Қызметке кіру Adilet.gov  порталы арқылы жүзеге асырылады. 

Барлық ақпарат алмасу мемлекет қорғауындағы байланыс арналары арқылы жүргізіледі және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.