Павлодарлық дүкендер қандай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын асырған?

Павлодарлық дүкендер қандай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын асырған?
Фото:pixabay.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі 2024 жылы 19 өнім бойынша бағаны негізсіз көтергені үшін кімдер жазаланғанын анықтады. 

Былтыр облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 19 өнімнің бағаларын тұрақтандыру мәселесінде 169 бұзушылық тіркелді, оның 27-сі жоспарлы түрде анықталды. Ескерту 139 кәсіпкер иесіне жасалса, 8 сауда иесіне айыппұл салынды, ал 27 кәсіпкерге бұзушылықты жою туралы ұйғарым жіберілді. 

– Тұтынушы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар тізіміне кіретін бірнеше өнім бағасының көтерілгенін байқаса, шағым жасай алады. Ол өтініштің ішінде бірнеше өнімге сауда үстемесін арттыру жөнінде шағымданса, әр өнім бойынша бөлек тексерістер жүргізілмейді, тек бір тексеру  жүргізіліп, кәсіпкерге қатысты әкімшілік жаза қолданылады, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

2024 жылы бағаны ең көп көтерген тауарға күріш, ал ең аз асырған өнімге жұмыртқа жатады. Қарақұмық жармасы 28, қырыққабат 3, картоп пен сарымсақ 4, айран 2, күріш 30, күнбағыс май 26, тұз 21, сәбіз 6, қант 13, тауық еті бағасы 5 рет көтеріліп, бұзушылықтар анықталған. 

– Мысалы, Павлодар қаласында тұтынушы кәсіпкерге қатысты күріштің сауда үстемесін сақтамау жөнінде өтініш жолдады. Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде күрішке сауда үстемесі 39,6 пайызды құрағаны анықталды. Кәсіпкерлік субъектісіне ескерту туралы қаулы шығарылып, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Кәсіпкер ескертуден кейін күріштің бағасы 670 теңгеден 550 теңгеге дейін төмендетті, – деді Нұрсұлу Әубәкірова. 

Басқа жағдайларда қарақұмық жармасына сауда үстемесі 70 пайызға дейін, қантқа 42 пайызға, картопқа 28,6 пайыз, сәбізге 21,4 пайызға артқаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бағалар шектік нормаға дейін төмендетілді.

Кәсіпкерлер арасында ең үлкен айыппұл сомасы 553 800 теңгені құрады. Бастапқыда ол күнбағыс майының бағасын көтергені үшін 1 107 600 теңге айыппұлға ілікті. Алайда кінәні мойындауға байланысты іс қысқартылған түрде өтіп, айыппұлдың 50 пайызы өндірілді.