Павлодарлық дәрігерлер перзентханада аналарға сыйлық жасады (ФОТО)
Облыстық перинаталдық орталықта Наурыз мейрамы атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Перинаталдық орталықта орналасқан тоғыз бөлімшенің қызметкерлері ұлттық нақыштағы киімдерімен ән шырқап, өз өнерін ортаға салды. Әр бөлімше қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайып, көрермен назарына қыз ұзату, бесікке салу, құда күту, құйрық-бауыр асату сияқты қазақтың салт-дәстүрлерін ұсынды.
Мерекелік іс-шарада орталықтың бас дәрігері Айман Оспанова ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Күн сайын перзентханада 12-15 нәресте дүние есігін ашады. Осындай атаулы айда дүниеге келген балаларға мықты денсаулық тілеймін. Тәуелсіз елдің даңқын көтерер азамат болып ер жетсін. Жаңару мен жасару күні халқымызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін, – деді Айман Оспанова.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін 176 нәресте дүниеге келген.
Мереке қарсаңында сый-сыяпатқа ие болған Жадыра Әбішева үшін де бұл күн есте қалатыны анық. 31 жастағы көп балалы ана алтыншы сәбиін Павлодар қаласында туған.
– Түркістан облысынан Железин ауданына көшіп келгеніме жарты жыл болды. Мереке қарсаңында Павлодар қаласында алтыншы баламды дүниеге әкелдім. Өзім енді бес ұл мен жалғыз қыздың анасымын. Барлық қазақ халқын және орталық дәрігерлерін Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын, айтар алғысым шексіз, – деді Жадыра Әбішева.
Айта кетейік, Железин ауданының тұрғыны мереке қарсаңында дүние есігін ашқан сәбидің есімін қазақтың ұлы ханындай ақылды ер азамат болып өссін деген ниетпен Абылай атаған.