Павлодарлық эпидемиологтар: COVID маусымдық ауруға айналды

Қазір бұл дертке қарсы екпе жүргізілмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл республикада коронавирусты жұқтырған 51 жағдай тіркелген, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен жеті есе төмен. Павлодар облысында дерттің төрт жағдайы тіркелді.
– Біз коронавирусты жеңдік деп айта аламыз. Аймақта ковид жағдайы тұрақты. Ауру тіркелген төрт жағдайда ешкім ауруханаға түскен жоқ. Бұл коронавирустың тұмау сияқты маусымдық ауру ретінде көріне бастағанын көрсетеді, – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова.
Пандемия басталғаннан бері облыс тұрғындарының 80 пайыздан астамы екпе алды. Адамдарда бұл вирусқа қарсы иммунитет қалыптасты, сондықтан ол өзінің агрессивті патогендік қасиеттерін жоғалтып, жай ауруға айналды.
Бірақ адамдар арасында вакциналаудан кейін иммунитеттері әлсірегендіктен, вакцина алған адамдар жиі ауырады деген пікір бар. Зәмзәгүл Досжанованың айтуынша, созылмалы аурулары бар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда COVID-тен кейінгі асқынулар болуы мүмкін.
Кейбір адамдар әлі күнге дейін иіс сезбеу жағдайларына шағымдануда.
– Вирустардың ену жолы – тыныс алу жолдары. Сондықтан шырышты қабықтың гиперплазиясы, яғни шырыштың өзгерістері болуы мүмкін. Сол адамның иіс сезімін жоғалтуы мүмкін. Бірақ басқа вирустық инфекцияларда мұндай симптом байқалмады, тек коронавируста ғана байқалды, – деді Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Қымбат Қазкенова.
Айта кетейік, елімізде вакцина жоқ болғандықтан, өткен жылдың басынан бері COVID-ке қарсы вакциналау жүргізілмейді. Бірақ жақында QazVac және Pfizer вакциналарын сатып алу туралы келіссөздер жүргізілді.