Павлодар облысында медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылды

Павлодар облысында медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізу жүйесі іске қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің сапасы мен көлемін мониторингілеу рәсімдеріне ауқымды өзгерістер енгізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесіне мониторинг жүргізу пилоттық жобасына барлық аймақ қосылды.

Енді көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу Қордың бірыңғай жүйесінде еліміздің барлық 20 өңірі бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте экстерриториялық қағида мен үш кезеңнен тұратын апелляция мүмкіндігі қолданылады.

2025 жылдың 17 наурызында «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі арқылы Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі аясында мониторингтің пилоттық жобасы іске қосылды.

–  Басты өзгерістердің бірі – мониторингке қатысты барлық процестердің Қордың бірыңғай ақпараттық жүйесі аясында біріктірілуі болды. Бұған дейін жұмыс бірнеше бөлек платформалар арқылы жүргізіліп, бұл деректерді бақылау мен өңдеу ісін қиындатты. Орталықтандырылған цифрлық жүйеге көшу – денсаулық сақтау саласындағы автоматтандыру мен цифрландыруды дамыту жолындағы маңызды қадам, – деді Қордың басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов.

Пилоттық жоба бастапқыда Ақмола облысының медициналық ұйымдарында жүзеге асырылды. Тестілеу барысында форматтық-логикалық бақылауды қолдану талданды. Ақауларды анықтау алгоритмдерін жетілдіруге өзгерістер енгізіліп, медициналық ұйымдар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша келіспеушілік білдіру негізділігі тексерілді.

Мамыр айында жобаға тағы 8 өңір қосылып, 2-ші маусымнан бастап қалған 11 өңір, оның ішінде республикалық маңызы бар қалалар да пилотты жүйеге көшті.

Қорда атап өткендей, мониторинг жүргізу барысында тәсілдерді оңтайландыру қарастырылған. Яғни, мониторинг түрлерінің саны қысқарады, бастапқы бақылаудың сапасын арттыру және бірыңғай талаптарды енгізу арқылы анықталатын ақаулар саны азаяды.

Ашықтықты арттырып, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін экстерриториялық қағида енгізіледі. Бұл – бір өңірдегі жеткізушіні басқа өңірлердегі Қор мамандарының тексеруі деген сөз. Мұндай тәсіл бағалау нәтижесінің объективтілігін арттырып, тексеру қорытындыларына деген сенімді күшейтеді.

Мұндағы жаңашылдық үш кезеңнен тұратын апелляция жүйесі болмақ. Медициналық ұйымдар мониторинг нәтижелері бойынша өз ескертулерін ақпараттық жүйе арқылы тікелей жолдай алады. Мысалы, Ақмола облысындағы пилот кезінде жеткізушілердің 30 пайыздан астам шағымын Қор қабылдаған. Мұндай тәсіл ашықтықты қамтамасыз етіп, тараптар арасында диалог пен сатып алу шарты аясындағы әріптестік қатынастарды дамытуға жол ашады.