Павлодарлық еріктілер көше кезіп жүрген тазылардың тағдырына алаңдаулы

Павлодарлық еріктілер көше кезіп жүрген тазылардың тағдырына алаңдаулы
Фото Александра Старинаның жеке мұрағатынан

Қаңғыбас иттердің арасында хаски, алабай және қазақтың жеті қазынасының бірі - тазылар да кездеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жануар жанашырларының айтуынша, соңғы уақытта асыл тұқымды иттерді кез келген жерде кездестіруге болады: жол бойында, қалада, далада. «Вместе. Помощь бездомным животным» қорының жетекшісі Александра Старинаның сөзінше, табылатын қаңғыбас иттердің ішінде аңшылық тұқымдастар екінші орында тұр.

– Неге тазы көшеде кезіп жүреді? Себебі аңшылық тұқымдас иттерге ерекше қамқорлық пен қарым-қатынас керек. Сонымен қатар, арнайы кеңістік, қозғалыс еркіндігі, табиғи қасиеттерін көрсету мүмкіндігі де қажет. Әр адам осыны түсіне бермейді. Тазы – ұлттың мақтанышы, әлемге әйгілі тұқым. Тазыны шынжырда немесе тар пәтерде ұстауға болмайды, – дейді Александра Старина.

Бұл иттерді күні бойы вольерде қамап қоюға болмайды. Кез келген аңшылық итке сәндік немесе қызметтік итке қарағанда әлдеқайда көп күтім қажет.

Қазіргі уақытта қоғамдық қордың панажайында Ася мен 11 күшігі бар Нора есімді тазы тұрады. Қара-ақ түсті Нораны волонтерлер «Павлодар–Астана» тас жолының бойындағы су ағатын құбырдан тапқан. Жергілікті тұрғындар хабарласып, еріктілер ұзақ іздеуден кейін бұлар құтқарылған.

– Ол қалай тап болғаны белгісіз. Бірақ мінезінен бұрын иесі болғаны көрініп тұр: тыңғылықты, адамға бейім. Құстарды ұстай алады, жүгіру қабеліте де жақсы.  Біз оны өткен жылдың сәуірінен бері бақылап келеміз. Алғашында әлсіреген, адамдарға сенбейтін еді. Қазір бізге бауыр басып қалды. Тазы өте талғампаз, кез келген адамға жақындай бермейді, – дейді еріктілер.

Клиникада емделгеннен кейін Нораның жағдайы жақсарды. 11 күшіктің бесеуі сенімді адамдарға тапсырылды, қалғандары әлі де қамқор иесін күтуде.

Александра Старинаның айтуынша, тазыларды қамқорлыққа алғысы келетін павлодарлықтар көп. Бірақ, кейін бас тартып жатады. Себебі, жауапкершілік бар. Еріктілер төрт аяқтыларды міндетті түрде чиптеу, вакцинация және кенеге қарсы өңдеуді талап етеді. Тазының болашақ иесі бұл процедураларды жүргізбесе, асыл тұқымды итке ие болуы екіталай.

– Әрине, барлығы тегін алғысы келеді. Бірақ, талап қатал. Біз олармен міндетті түрде жеке танысып, жануардың өмір сүру жағдайын көреміз. Тұратын жері, тамақтанатын орны туралы да сұрастырамыз. Үнемі байланыста болып, фото және видео есеп сұраймыз, келісімшарт жасаймыз, – дейді қор жетекшісі.

Жануар жанашырлары асыл тұқымды иттердің көшеге шығуының басқа себептерін де атайды. Олардың қатарында, ит иелерінің жауапсыздығы, итке күтім жасамауы бар. Бұған қоса, көшіп-қону, аллергияның туындайы, уақыттың жетіспеуі бар. Осылайша, ит ешкімге қажетсіз болып қалады.

Бүгінде панажайда үш жүзден астам ит пен мысық бар. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – тазы. Оның жылдамдығы мен иіс сезуі теңдессіз, ал өзі – қазақ халқының жеті қазынасының бірі. Алайда адамдар жауапсыздық танытса, мұның бәрі мәнін жоғалтады. Еріктілердің айтуынша, итті қолға үйреткен соң оған жауапкершілік толықтай адамның өзінде. Сондықтан жануарға қамқорлық жасау – міндет.