Павлодарлық фабрикада тәулігіне жүз келідей жартылай фабрикат шығарылады
«Пуль К.С.» ЖК жартылай фабрикаттар мен дайын тамақ өнімдерін шығарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі «Павлодар облысының кәсіпкерлері үшін мемлекеттік қолдау» атты өткізген көшпелі баспасөз турында «Пуль К.С.» жеке кәсібінің басшысы Василий Пуль мәлім етті.
Кәсіпорын қызметін 2020 жылы басталған. Жеке кәсіпкер Василий Пуль бұған дейін аспаз қызметін атқарған. Елде орын алған карантинге байланысты жұмыстан босатылған. Дәмханалар мен мейрамханалар жұмысын тоқтатқан кезде аспаз өзінің жеке кәсібін ашып, жартылай фабрикаттар дайындай бастаған.
Оның ішінде балалар мәзіріне арналған ассортимент те бар: тауықтың төс еті мен ірімшігі, картоп, сүзбе, жидектер қосылған қосылған тұшпаралар, сиыр еті мен картоп қосылған мәнті, тауық котлеттері.
– Біз қызметімізді 2020 жылы бастадық, биыл кәсібімізді кеңейтіп, кішігірім фабрика құруды шештік. Басында бұл кәсіппен жұбайым екеуміз ғана айналысқан болатынбыз. Уақыт өте келе қызметкерлердің санын өсірдік. Бүгінгі таңда фабрикамызда тоғыз адам жұмыс істейді, – дейді Василий Пуль.
Фабрикада шамамен күніне 80-100 келі жартылай фабрикаттар жасалады. «Даму» қорынан алған қаражатқа қажетті құралдар, үлкен тоңазытқыштар сатып алынған. Жаңа құрылғылар арқылы жартылай фабрикаттардың көлемін арттыру жоспарлануда.
– Автоматты құрылғыларды сатып алу жоспарда жоқ. Себебі, біз тұтынушыларға үйде жасалған тағамдардың дәмін ұсынғымыз келеді. Ешқандай автомат мұндай дәмді, сапаны бере алмайды, – дейді фабрика басшысы.
Жоба «Даму» қоры тарапынан «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында қолдау тауып, «ForteBank» АҚ-ның павлодарлық филиалы қаржыландырды. Кәсіпорын қарызды қаражатқа жартылай фабрикаттарды шығару жабдықтарын сатып алды. Несие құны 20 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, жоба бойынша «Даму «қорынан 10 миллионға жуық теңге көлемінде кепілдік ұсынылды.