Павлодарлық футболшылар ел чемпионатының көшбасшысымен ойнады
Орталық стадионда «Ақсу» мен петропавлдық «Қызылжар» кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әли Әлиев шәкірттері бірден шабуылға көшті. Алайда қауіпті сәттер бола қоймады. Дегенмен, қонақтар күтпеген жерден есепті аша жаздады. «Ақсу» қорғаушысы Руслан Есімов допты өз қақпасына баспен бағыттаған: абырой болғанда қақпашы Александр Гутор допты қағып жіберді.
Тайм ортасына қарай «Ақсу» да «тірілді». Брайан Сильва айып соққысын орындап, қақпа бағанасын дірілдетті. Осымен қауіпті сәттер мүлдем таусылды десек болады. Екінші таймда бірте-бірте қонақтардың шеберлігі қылаң бере бастады. Әсіресе Витор Родригес Хосе немесе Пернамбуконың ойыны павлодарлық қорғаушыларды әбден састырды.
Есепті де сол ашты. Бірнеше қорғаушыны алдап өткен ол айып алаңына кірместен қақпаға дәл соққы бағыттады. Бірер сәттерден соң Марат Шахметов алыстан Александр Гуторды қапыда қалдырды. Екі голда да «Ақсудың» орталық жартылай қорғаушыларының сылбырлығы байқалды.
Нәтижесінде 0:2. «Қызылжардың» сәтті сериясы жалғасуда. Ал «Ақсу» чемпионатта төртінші мәрте ұтылды. Соның салдарынан команда 11-орында қалды.
Келесі матчты «Ақсу» сырт алаңда «Тобылға» қарсы өткізеді. 19 сәуірде өтетін ойын Қазақстан Кубогінің 1/8 финалы аясында болады.
Фото: ашық дереккөздерден