Павлодарлық каратэшілері республикалық турнирде топ жарды

Павлодарлық каратэшілері республикалық турнирде топ жарды
Фото Константин Шелков

Жас спортшылар отызға жуық медальді қоржынға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, жас каратэшілер Алматыда Ашихара каратэден республикалық турнирдің жеңімпаздары атанды. Олар кумейте дивизиондары, фулл-контакт және ката бойынша бақ сынасты.

- Турнир қорытындысы бойынша аймақтық команда 7 алтын, 12 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды, - делінген хабарламада.

Дүбірлі додада алтыннан алқа таққандар қатарында Қ.Мақпалеев атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Алтын Сағанбаев, Ә.Бөкейхан атындағы мектептің 1-сынып оқушысы Жасмин Алтынбекова бар. Ал күміс медальға қол жеткізген үздіктер арасында № 41 мектептің 2-сынып оқушысы Осман Темірболат болса, № 26 мектептің 4-сынып оқушысы Екатерина Паламарчук, Ж.Ташенев атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Әли Амантай, Қ.Мақпалеев атындағы мектептің 3-сынып оқушылары Сергей Воробьев, Максим Фарафонтьевтер қолаға қол жеткізді.

Фулл-контакт дивизионында Ж.Тәшенев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Ильяс Біржан, № 41 мектептің 9-сынып оқушысы Иван Петрушкин, ката дивизионында № 26 мектептің 6-сынып оқушысы Александр Счастливцев қола медаль жеңіп алды.

Олардың барлығы Павлодар қаласындағы Ashihara karate A. I. K. O. спорт клубының тәрбиеленушілері.