Павлодарлық күміс алқалы ана: Бесікте бала құндақтаулы, жылы әрі таза жатады

Павлодарлық күміс алқалы ана: Бесікте бала құндақтаулы, жылы әрі таза жатады
Суретті түсірген Шұғыла Әленқызы

@Pavlodarnews.kz тілшісі қазіргі жастар қабылдай бермейтін баланы бесікке бөлеудің пайдасымен бөлісті.

Мичурин ауылының тұрғыны Күлжан Халима – алты бала тәрбиелеп өсіріп, төрт немере, сегіз жиен көріп отырған күміс алқалы ана, мейрімді әже.

  Алты баламды және немерелерімді бесікке бөлеп өсірдім, – дейді Күлжан Халима.

Көпбалалы ана жаңа туған нәресте өз аяқ-қолының қозғалғанынан өзі шошынып, ұйқысы қырық бөлініп, ананың да тірлігіне кедергі жасауының алдын алып, баланың жайлы жерде ұйықтауы үшін де осы киелі бесікті қолайлы көреді.

–   Бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл заты. Бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттық ұлағат бесіктен басталған, – дейді ол.

Бесікті көбіне қарағайдан, қайыңнан немесе басқа да иілгіш ағаш түрлерінен жасайды. Осының арқасында бесік мықты, таза және жеңіл болды. Бесікте сүйектен жасалған шүмек арқылы зәр шығатын түбектің арқасында сәбидің денесі құрғақ болады.

Әженің айтуынша, түбекке арналған дөңгелек тесігі бар жұқа сабаннан жасалған төсеніш шиі болады. Оның үстіне жөргек төселеді, алжөргектің үстінен бесіктің еніне сәйкес жасалған жастық – құс төсек төселеді. Сондай-ақ, мезгілге байланысты көрпе жұқа және қалың болып тігіледі. Баланың аяғы мен жамбас бөлігінде тұратын кішкентай жастықтарды кепіл деп атаған. Тартпа бау – сәбиді байлауға арналады.

–   Баланың бетіне ай сәулесі түспесін және баланы жәндіктерден, жел өтінен, бөтен адамдардың көзінен қорғайды деп бесікті толығымен жауып қояды, – дейді ол.

Ананың айтуынша, наным-сенімдер бойынша, бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек. Сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады.

–   Біздің халықтық тәрбиеде бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, – деді ол.

Бала бесікте жатып, анасы шырқаған бесік жырын естиді. Бесік жыры арқылы ұлттық болмысты, ана тілінің шұрайын және анасының шексіз мейірімі мен махаббатын сезініп өседі.