Баянауылда жас ақындарға айтыстың негіздері үйретілді

15 жылдық тәжірибесі бар айтыскер жастарға еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудандық кітапхана ғимаратында жас ақындар арасында айтыс өтті. Іс-шара «Сыбайлас жемқорлық – ғасыр дерті» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиналғандар қатарында ауданның тұрғындары мен мәдениет қызметкерлері болды. Жиынды Баянауыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов құттықтау сөзімен ашып, мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, айтыстың жай ғана жыр додасы емес, ежелден келе жатқан тұтас дәстүр екеніне тоқталды.
Құрметті қонақ ретінде Павлодар қаласындағы Қ.Н.Бекхожин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің музыка пәнінің мұғалімі, айтыскер ақын Нұрбек Кәрібай шақырылды. Ол жаңадан бастаған ақындарға «Айтыстың негіздері, қағидалары мен негізгі ережелері» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Наурызда Түркістан қаласында өткен республикалық ақындар айтысында екінші орын алған Нұрбек Кәрібай өзінің айтыскерлік жолының Баянауыл ауылынан басталып, 15 жылдан бері жалғасып келе жатқанын жан-жақты айтып берді. Ол жас ақындарға тілегін айтып, тек қана алға ұмтылу керектігін жеткізді.
Кеш қонағы Нұрбек Кәрібай мен Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің ақындар сыныбының ұстазы Пәзіл Жеңісбек айтыстың шын мәнінде не екенін жан-жақты көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
Жас ақындар өзара айтысқа түсіп, өздерінің жақсы деңгейлерін көрсетті.
Іс-шара соңында барлық жас ақындарға дипломдар, сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.