Павлодар облысында бірнеше аудан жұмыспен қамту жоспарын орындамады

Павлодар ауданында да жыл басынан бері небәрі 16 жаңа жұмыс орны ашылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу бастамасы. Алайда жартыжылдық қорытындысы бойынша Баянауыл, Май, Павлодар, Успен және Шарбақты аудандары бұл көрсеткішке қол жеткізе алмаған. Павлодар ауданында да жыл басынан бері небәрі 16 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жоспар бойынша бұл кезеңде 100 орын ашылуы тиіс болатын.
– Жұмыс орындарын құру бойынша жоспарлар әділетті түрде қайта қаралуы қажет. Бұл ешқандай сын көтермейді. Аудан әкімдері жұмысты жандандырып, Президент тапсырмасын толық орындауы қажет. Бұл бағытта жауапкершілік облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбекке жүктеледі, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Әкімнің айтуынша, жалпы облыстағы жұмыспен қамту бойынша жол картасының орындалуы жаман емес. Яғни жүз пайыздан алпыс пайызға орындалған жоспар және жұмыс алған 15 мың адам – жақсы көрсеткіш.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 406 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Жыл басынан бері 220 грант берілді. Жалпы, әлеуметтік осал топтарға 605,9 миллион теңгені құрайтын гранттар қарастырылған.