Павлодарлық мерген қыз оқ атудан әлем чемпионы атанды
Павлодарлық Асылым Жақия жасөспірімдер арасындағы оқ атудан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық спортшы Асылым Жақия Германияның Зуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы оқ атудан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – қазақстандық мергеннің Азия чемпионатындағы табысты өнер көрсетуінен кейінгі тағы бір ірі жетістігі.
Спортшының анасы Аягүл Халелдің айтуынша, қызының спорттағы жолын оның мінез-құлқы айқындаған.
- Мен мамандығым бойынша психологпын. Қызымыздың мінезі өте салмақты, суыққанды әрі қандай жағдайда да сабырын жоғалтпайтынын байқадым. Сондықтан оны 14 жасында «Отан» тиріне апарып көрдік. Сол жерде жаттықтырушы Наталья Зигалова оның қабілетін бірден байқап, үлкен үміт күтетінін айтты, – дейді Аягүл Халел.
Оның айтуынша, ата-анасы қызының спорттағы жолында әрдайым сенім білдіріп, қолдау көрсеткен.
- Біз ата-ана ретінде ештеңеден құр қалған жоқпыз. Тек қызымызға сендік және үнемі қолдап отырдық, – деді ол.
2026 жылдың ақпан айында Асылым Жақия Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында чемпион атанды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасымен бірге командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Ал 24 маусымда Германияның Зуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды.
Аягүл Халелдің айтуынша, бұл жеңіс қызының өмірлік ұстанымын өзгертпейді.
- Меніңше, ештеңе өзгермейді. Ол үшін ең үлкен мақтаныш – өз жеңісімен Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранының шырқалғаны, – деді спортшының анасы.
Асылым Жақия 2024 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып, Астанадағы «Алау» ату тирінде жаттығып келеді.