Павлодарлық неонатологтар Ресейлік дәрігерлерден тәлім алуда

Павлодарлық неонатологтар Ресейлік дәрігерлерден тәлім алуда
Фото: автор

Үш күн бойы өңірдің дәрігерлері білімдерін шыңдайтын болады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

28-30 тамыз аралығында №1 Павлодар облыстық перинаталдық орталығында «Неонатологиядағы тыныс алуды қолдау жағдайында симуляциялық жабдықта мануальді дағдыларды игеру (hands-on)» тақырыбында халықаралық шеберлік күндері өткізілуде. Оған өңірдің 30  неонатолог-дәрігерлері қатысуда. 

Тәлімгерлер – м.ғ.к., жоғары санатты неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, Ресей неонатологтар қоғамы кеңесінің мүшесі Алексей Мостовой, м. ғ. к., жоғары санатты неонатолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Анна Карпова. Екі маман да   –Ресей Денсаулық сақтау министрлігі Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім академиясының В. В. Гаврюшов атындағы неонатология кафедрасының доценттері. 

Өңір дәрігерлері қарқынды терапия деңгейінде жаңа туған нәрестелерді респираторлық қолдаудың заманауи әдістерін игеруге бірегей мүмкіндік алады. Оқыту барысында алынған hands-on практикалық дағдылары дәрігерлерге жаңа технологияларды күнделікті медициналық тәжірибеде тиімді қолдануға көмектеседі, ал бұл өз кезегінде аймақтағы жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді.

Өкпенің әртүрлі аурулары бар жаңа туған нәрестелерде жеткілікті тыныс алуды қамтамасыз ету неонатологиядағы ең қиын міндеттердің бірі болып табылады. 

– Дұрыс респираторлық терапияны қалай жүргізу керектігін білу – бұл көптеген жылдар бойы үйренуді қажет ететін өнер. Алдағы үш күнде біз осы ғылымның негізгі құпияларын ашуға тырысамыз. Шеберлік сағатына дәрігерлер тек дәрістерді ғана тыңдап қоймай, сондай-ақ, мануальды дағдыларды үйреніп, кейінірек оны тәжірибеде қолдану және қорықпау үшін өздері механикалық желдету аппараттарының барлық мүмкіндіктерін қолдануды үйренеді. Бұл ретте, біз жануарлардың әртүрлі үлгілеріне қойып үйренеміз, шұғыл көмек көрсетеміз. Сонда олар жаңа туған нәрестеге қол ұшын созуға,  оның өмірін сақтап қалудан қорықпайтын болады, – деді тәлімгер Алексей Мостовой. 

Сарапшылар Павлодар облысындағы аппараттардың мүмкіндігі, сапасы өте жоғары екенін атап өтті.  Кез келген жаңа туған 400-500 граммдық нәрестеге және 10-15 килограмға дейінгі балаларға бұл аппараттармен көмек көрсетуге болады. 

– Бұл шеберлік сағаты әлеуметтік маңызды деп айта аламын. Себебі, жаңа туған нәрестелердің аурушаңдығы мен өлім-жітімінің құрылымында бірінші кезекте шала туған нәрестелерді күту мәселесі тұр. Павлодар облысында бұл бағытта тәжірибе мол. Белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді, бірақ біз дамығымыз келеді, сондықтан біз осы үш күнде өз дағдыларымыз бен құзыреттерімізді барынша жетілдіреміз деп үміттенеміз, – деді облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Гүлнар Бұратаева.

Орталықтың қарқынды терапия бөлімшесінде 17 бала болса, оның ішінде 15-і – шала туған нәрестелер. Жағдайлары ауыр, себебі, туғанда балалардың салмағы 1,5 килограммнан аз болған.  Сондықтан ол балаларға респираторлық көмек қажет. 

Ресейден келген мамандар шеберлік сағаты барысында  осындай балаларға практикалық көмек көрсетуді жоспарлар отыр.  

Айта кетейік, шеберлік сағаты ERG компаниясы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «AlmaEco» ЖШС компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.