Павлодардағы колледждердің бірінде миллионер студенттер білім алады

Павлодардағы колледждердің бірінде миллионер студенттер білім алады
Фото: Константин Шелков

Оларды жұмысқа орналастырудың еш қиындық жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Облыс орталығында ол ақпараттық технологиялар колледжі секілді бірнеше нысанды аралады.

Биыл білім ошағында 1270 адам білім алады. Олардың көбі Ресейден, Қырғызстаннан, Маңғыстау, Абай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген студенттер.

– Ғимарат 1968 жылы салынған. Содан бері жөнделмеген. 2021 жылы облыс әкімдігі «Жас маман» жобасы бойынша колледжді қайта жөндеуден өткізіп, жиһаздар мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алуды қолға алды, – дейді облыстық білім басқармасының өкілі Қарлығаш Асайынова.

Осы оқу орнының оқушылары халықаралық олимпиадалардың тұрақты қатысушылары болып саналады. Солардың бірі- Мұса Төлеу. Ол «World Skills» республикалық кезеңіне қатысып, Ресейде өткен халықаралық байқауда екінші орынды жеңіп алды.

Студенттердің көпшілігі оқумен қатар, жеке және аутсорсингтік IT мамандары ретінде әртүрлі жобалармен айналасуда. Олардың көпшілігі болашақта жұмыссыз қалуға дым қорықпайды. Себебі қазірдің өзінде олар жұмыс істеп, айына миллион теңгеге дейін қолына алады.

Дархан Жазықбаев ауылдық жерлерде білікті кадрлардың, әсіресе IT- мамандарының жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Сол себерті ол мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне ІТ колледж түлектерінің электронды каталогын әзірлеуді тапсырды. Оның көмегімен жергілікті билік осы саладағы кадрлық ресурстар туралы өзекті ақпаратқа ие болады.

Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы «Инвесторлар үйінде» орналасқан Open Pavlodar фронт-офисінде және жаңа ХҚК орталығында болды.

Жыл басынан бері «Open Pavlodar» фронт-офисі 70 мың адамға көмек көрсетті. Мұнда күн сайын 400-ге жуық қызмет алушыға қызмет көрсетіледі.

Фото: автор

Әсия Серікова