Павлодарда жас педагогтер инклюзивті білім берудің кедергілерін талқылады

Воркшопта тәжірибелік кейстер мен мәселелер қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту шеңберінде Жастар бастамаларын дамыту орталығында ай сайын студенттер, жас оқытушылар үшін түрлі форматтағы іс-шаралар өткізеді.
«Тең мүмкіндіктер – даму мен тәсілдер» атты воркшопта мансаптағы мүмкіндіктер теңдігі принциптерін зерттеу, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар студенттерді оқыту мен әлеуметтендірудің тиімді тәсілдерін іздеу туралы сөз қозғалды. Шара спикері Жанар Әубәкірова инклюзивті білім берудегі кемшіліктерді атап өтті.
– Қазір мектепке дейінгі білім беру мен орта білім беруде бұл мәселе шешімін табуда. Ал арнаулы орта оқу орындары арасында инклюзия бойынша мәселе өткір тұр. Интеллектуалды, ақыл-ой кемістігі бар, сөйлеу дамыуында кідірісі бар балалар колледждерге түсіп, мамандық иесі болғысы келеді, – деді Brain Park инклюзивті білім беру орталығының басшысы Жанар Әубәкірова.
Оның сөзінше, ерекше қажеттілігі бар бала мектепті бітірген кезде оған анықтама беріледі. Аттестаттың жоқтығы одан әрі оқуға түсуге кедергі болады.
– Жалпы білім беретін мектептерде және мектепке дейінгі мекемелерде мұғалімге ерекеше қажеттілігі бар оқушы үшін қосымша ақы төленеді. Егер сыныпта бір ерекше бала болса, мұғалімнің үстеме ақысына екі балаға деп есептейді. Арнайы білім беруде мұндай нормалар қаншалықты сақталатынын білмеймін. Бұл сұрақты әр оқу орнының басшылығы реттейді. Алайда оқытушыға сабаққа мұқият дайындықты, тәсілдер мен материалдарды қосымша зерделеуді талап ететін қосымша жүктеме түсіретінін ескеру қажет, – Жанар Әубәкірова.
Ақпараттық технологиялар колледжінің тарих пәні мұғалімі Нұрдәулет Айыпберген де жалақы мәселесінің барын жасырмайды.
– Университет бітірген магистранттар мектепке келіп жұмыс істегенде олардың жалақысына 25-30 АЕК қосылады. Колледждерде ондай жоқ, – деді жас оқытушы.
Жанар Әубәкірованың сөзінше, оқыту үрдісіндегі тең мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін этикалық нормаларды сақтап, қоғаммен жұмыс істеу керек.
– Бізде ерекше қажеттілігі бар бала деген ұғым дұрыс шартталған болса, олардың позициясы, шектеулері болмаса, қоғамдағы болу жағдайы жасалса, онда тең мүмкіндіктер бар деп ашық айта аламыз, – деп атап өтті Жанар Әубәкірова.
Шара барысында қатысушылар білім берудегі инклюзивті тәсілдің негіздерімен танысып, ерекше қажеттіліктері бар студенттердің толыққанды оқуына кедергі келтіретін аспектілерді анықтауға үйренді. Сондай-ақ, олар студенттерді оқу процесіне тарту және ынталандыру стратегияларын талдап, білім беру әдістерін қалай қалыптастыруға және бейімдеуге болатындығын меңгерді.