Павлодарлық пробация инспекторлары 20 жыл көріспеген әке мен баланың қауышуына жәрдемдесті

Павлодарлық пробация инспекторлары 20 жыл көріспеген әке мен баланың қауышуына жәрдемдесті
Фото:pixabay.com

Сотталушы көп жылдар бойы көрмеген ұлымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Железин ауданы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 50 жастағы сотталушы ҚАЖ қызметкерлеріне әдеттен тыс өтініш білдірді

– Сотталушы 20 жыл бұрын ұлы дүниеге келгенін айтып берді. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткеннен кейін, бұрынғы әйелі қалаға кетіп қалды. Содан бері ол хабарласпаған. Ер адам баласын тауып беруді өтінді, – деді пробация инспекторлары. – Пробациялық бақылау аясында біз туыстарды табу үшін мұндай жұмыстарды жүргізбейміз. Бірақ біз алдымен жігітті тауып, оның әкесімен сөйлесуге ниеті бар жоғын сұрауды жөн көрдік.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам әлеуметтік желіде тіркелмегендіктен, туған ұлының тек аты-жөнін ғана білген. 

– Екі айдан кейін жігітті таптық. Ол соңғы екі жылдан бері әкесін іздеп жүргені белгілі болды. Бірақ әкесі тұрғылықты жерін ауыстырғандықтан, іздеу қиынға соққан,– деді Железин ауданы бойынша пробация қызметінің инспекторы Мақпал Темірханова. 

Алдымен әкесі мен баласы телефонмен сөйлесті, кейін пробация қызметкерлері оларға кездесу ұйымдастырды. Сотталушы бұл кездесуді 20 жыл күткенін және өмірде жаңа мән-мағына тапқанын жеткізді. Ол пробация қызметкерлеріне ұлын іздеуге атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Ер адам болашақта қалаға көшіп, ұлымен жиі кездесуді жоспарлап отыр.