Павлодарлық психолог: Келіннің сәлем салуы сәждеге жығылумен бір емес
Павлодар облысы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Гүлназ Раздықова Ислам құндылықтары мен қазақ дәстүрінің сабақтастығы жайлы ой өрбітті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Қазақ халқының дін, ислам түсініктері оның рухани-моральдік қағидаттарында көрініс алады. Оған Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспанбет, Ақтанберді, Үмбетей, Бұқар жырау, Шал ақын шығармалары дәлел бола алады. Кеңес үкіметі кезеңінде де ақын-жазушыларымыз өз шығармалары арқылы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырта отырып, бүгінгі күнге ұластырды. Ұлы тәлімгер Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» – деген. Яғни, ислам – ізгілік, адамгершілік діні, – дейді Гүлназ Раздықова.
Оның айтуынша, кейбір топтар арасындағы салт пен сүннетті қарсы қоюы жайлы пікірлер діни білімсіздіктен туындаған. Ұлттық салт-дәстүрлер исламға дейінгі заманнан бастау алған және ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады.
Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан ашық сабақтастық бар. Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Дін қағидаттарының сенімдік жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді.
– Мысалы, араб және қазақ қазақ ұлты да ислам діні аясында дамып келе жатқан ұлттар. "Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланы 7 күнде тырнағын, шашын алатын болған деген ислам ғалымдарының сөзі бар, алайда бұл жұмыс нақты қазақтың сәлт- дәстүрінде 40 күніне қарсы шықпайды, өйткені 7 күн шығару мустахаб амалына жатады, - дейді. Ал қазақы дәстүрде сәби дүниеге келгенде шілдехана жасалып, бесікке салынады. Отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру – қазаққа тән дәстүрлер, – дейді Гүлназ Раздықова.
Орталық басшысы бүгінгі таңда еліміздегі өзекті проблемалардың бірі ата-бабамыздың аманат еткен қазақи салт-дәстүріміз бен ұлттық келбетімізді, құндылықтарымызды сақтап қалу мәселесі болып отырғанын атап өтті.
– Сондай-ақ келіннің сәлем салу салтын ширкке балап, елдің шырқын бұзу – әсте дұрыс емес. Құрметтеу ниетімен сәлем салу сәждеге жығылу, яғни табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны белгілі. Бұл ретте, қоғам арасында қарама-қайшы пікір қалыптастыру дәстүрлі құндылықтарға нұқсан келтіреді. Сәлем салу – жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер «Өркенің өссін, «Бақытты бол», «Көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады. Осылайша өзара сыйластық нығая түседі, – Гүлназ Раздықова.
Маман халқымыздың рухани өзегі болып саналатын ұлттық салт-дәстүр адамды тәрбиеге, ақылға баулитынын және ұлттың бар болмысын көрсететінін атап өтті.