«Ертіс» жас футболшылары киберкубокты жеңіп алды

«Ертіс» жас футболшылары киберкубокты жеңіп алды
Фото: спорт басқармасынан

Аяқдопшылар  QJ League Cyber Cup 2026 турнирінде бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматыда жасөспірімдер футбол клубтары Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша сынға түскен QJ League Cyber Cup 2026 турнирінің гранд-финалы аяқталды. Павлодарлық «Ертіс» клубының тәрбиеленушілері чемпиондық атақты жеңіп алды.

Жыл сайын QJ League чемпионатындағы үзіліс кезінде еліміздің барлық өңірлерінен қатысатын футбол командалары арасында кибертурнир өткізіледі. Биыл қатысушылар алғаш рет EA FC емес, Counter-Strike 2 ойынында бақ сынады.

Чемпион атанған құрамда қақпашы Бекжан Мұратбек (bekxson), жартылай қорғаушылар Жүсіпхан Егімбай (jon1s) мен Данил Капитонов (li1qu), сондай-ақ шабуылшылар Тамерлан Шоқанов (Sho1xlw) пен Савелий Дорожкин (horny2nightt) өнер көрсетті.

Мамыр айының соңында павлодарлықтар іріктеу кезеңінде өз тобында жеңіске жетіп, Алматыдағы Lan Arena кешенінде өткен офлайн-финалға жолдама алды. Шешуші кездесуде «Ертіс» «Каспий» командасымен кездесіп, 13:1 және 13:4 есебімен сенімді жеңіске жетіп, чемпиондық кубокты иеленді.

Айта кетерлігі, Жүсіпхан Егімбай 2023 жылы өткен алғашқы QJ League Cyber Cup турнирінің чемпионы, павлодарлық клубтың өзге тәрбиеленушісі Ерназар Дүйсектің туған інісі. Ол кезде қатысушылар FIFA ойыны бойынша жарысса, биыл Жүсіпхан отбасының Counter-Strike 2 ойынында да жоғары нәтиже көрсете алатынын дәлелдеді.

Енді кибертурнир аяқталып, футболшылар қайтадан жасыл алаңға оралады. Freedom QJ League маусымы 13 маусымда қайта жалғасады.