Павлодар облысында 16 мыңнан астам тұрғын үш аудан әкімінің сайлауына қатысты
Сайлау барысы әлі де жалғасып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шарбақты, Железин, Ақтоғай аудандарының аумақтық сайлау комиссиясының 17:30-ға берген мәліметтерге сүйенсек сайлаушылардың көбісі Шарбақты ауданында дауыстарын беруде.
Ақтоғай ауданында 46,2%, яғни 3918 тұрғын таңдауын жасады. Жалпы сайлаушылар саны – 8480 адамды құрайды.
Железин ауданында бұл көрсеткіш 45,4%-ды құрады. Аудандағы 10 443 сайлаушының ішінен 4746 азамат өз дауыстарын берді.
Шарбақты ауданында тұрғындардың жартысынан астамы бюллетенді толтырып, таңдау жасады. Атап айтқанда, сайлаушылардың 61,4% -ы, яғни 7971 адамы дауысын берді. Жалпы Шарбақты ауданында 12 897 сайлаушы бар.
Еске сала кетейік, аудан тұрғындары таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін жергілікті сайлау учаскелеріне барып, аудан әкімін еркін түрде таңдай алады. Дауыс беру жалпы 87 сайлау учаскесінде өтіп жатыр.