Павлодардағы қосымша білім беру мектептеріндегі оқушылар саны үштен бірге артты

Павлодардағы қосымша білім беру мектептеріндегі оқушылар саны үштен бірге артты
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы үш жылдағы деректермен Павлодар облысының білім беру басқармасы бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, мамыр айының соңғы күндері тек жалпы білім беретін мектептерде ғана емес, сонымен қатар көркемсурет, музыка мектептері мен өнер мектептері сияқты қосымша білім беру ұйымдарында да кезекті оқу жылы аяқталуда.

Павлодар облысы білім беру басқармасының ақпараты бойынша, биыл қосымша білім беру ұйымдарын 539 бала тәмамдап, сертификат алады.

– Соңғы үш жыл бойы бұл көрсеткіш жыл сайын шамамен он пайызға өсіп келеді, – деп мәлімдеді жауапты орган қызметкерлері. – Биыл музыка мектептерінің 265 және өнер мен көркем бағыттағы мектептердің 274 түлегіне сертификат табысталды. Көптеген балалар үшін бұл - шығармашылық, мәдениет пен өнер әлеміне жасалған алғашқы маңызды қадам.

Балалардың талантын ашуға ондаған жыл бойы көмектесіп келе жатқан мектептердің бірі – Железин аудандық балалар өнер мектебі. Биыл оқу ордасы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мұнда бірнеше бағыт бойынша 319 оқушы білім алады.

Мерекелік концертке оқушылар, педагогтер, түлектер мен ата-аналар қатысты. Сахнада домбыра, фортепиано, саксофон мен гитара үні шырқалып, кейбір нөмірлер отбасылық форматта өтті.

Аудандық оқу орнының тарихы музыкалық мектептің ашылуынан басталды. Мектептің музыка өнерін шын сүйген жандардың бастамасымен ашылғаны ерекше символикалық мәнге ие.

Оқу ордасының басшысы Данияр Айтбаевтың айтуынша, ұжым мерейтойға ұзақ дайындалған.

– Бағдарламаға оқушылар мен педагогтердің концерттік қойылымдары енгізілді, соңғы жылдардағы жетістіктерімізді көрсеттік, – деді директор. – Мектепті Нелли Харина ашқан. Кейін оның жұмысын Владимир Уманец жалғастырып, сол кезеңде кәсіби педагогтер тартылып, мектеп қарқынды дами бастады.

Алпыс жыл ішінде мектеп түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Ең қиын уақыттардың бірі 2014 жыл болды. Ол кезде оқушылар мен педагогтердің азаюы және жеке ғимараттың болмауы салдарынан оқу орны жабылу қаупіне ұшыраған. Жағдай қайта ұйымдастырудан кейін өзгерді: музыкалық мектеп өнер мектебіне айналып, театр және көркемсурет студиялары мен хореография секілді жаңа бағыттар ашылды.

Қазір мұнда домбыра, саксофон, гитара, фортепиано және вокал сыныптары жұмыс істейді, сонымен қатар ұрмалы аспаптар үйірмелері, театр және көркемсурет студиялары, шахмат бағыты бар. Ұжым дамуын жалғастырып, жаңа жоспарлар құруда. Жақын уақытта өнер мектебі аудан мектептерінде өз бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр.

– Аудандағы мүмкіндігінше көп баланы қосымша біліммен қамтуды жоспарлап отырмыз. Барлық мектепте үйірме ашуға мүмкіндік жоқ, сондықтан біз өз бөлімшелерімізді олардың базасында ұсынудамыз. Мектеп директорлары бұл бастаманы қолдап отыр, – деді директор.

Сонымен қатар, басты мәселелердің бірі кадр тапшылығы болып қалып отыр. Мектепте қазақ және орыс халық аспаптары бағытын дамыту жоспарланғанымен, әзірге қобыз және баян сыныптарының мұғалімдері жетіспейді.

– Бізде аспаптар бар, сабақ өткізуге барлық жағдай жасалған. Осы бағытта оқуға ынталы балалар да жеткілікті. Бірақ қобыз және баян сыныбы бойынша мұғалім жоқ. Бүгінде мәселе тек кадр тапшылығында, – деп атап өтті Данияр Айтбаев.

Қиындықтарға қарамастан, ұжым материалдық-техникалық базаны жаңартуды жалғастыруда. Биыл мектеп шертер, домбыра-прима және төрт шаңқобыз секілді жаңа аспаптар сатып алды. Сатып алуға жалпы бір миллион теңге жұмсалған.

Жылдар бойы Железин балалар өнер мектебі көптеген дарынды балаларды тәрбиелеп шығарды. Олардың кейбірі Қазақстан мен шетелдегі музыка колледждері мен консерваторияларда оқуын жалғастырған.

Солардың қатарында фортепиано сыныбының түлегі Дильнара Шәріпова бар. Ол Павлодар музыкалық колледжінен кейін Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне түсіп, қазір магистратурада оқиды.

Айжан Сұлтанова Павлодар музыкалық колледжі мен Екатеринбургтегі Орал консерваториясын хор дирижерлығы мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде Нью-Йоркте тұрып, жұмыс істейді. Ал мектептің тағы бір түлегі, саксофоншы Валерия Мищенко Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті атанған.

Данияр Айтбаевтың айтуынша, бүгінде мектепте еңбек етіп жүрген көптеген педагогтердің өздері кезінде осы оқу орнының оқушылары болғаны ерекше құнды.

– Ұжымымыздың басым бөлігі – мектеп түлектері. Мысалы, саксофон сыныбының мұғалімі Наталья Игнатенко 2008 жылы Павлодар музыкалық колледжін тәмамдағаннан кейін осында қайта оралып, содан бері жаңа буын саксофоншыларын тәрбиелеп келеді, – деді ол.

Оқушылар түрлі байқаулар мен іс-шараларға тұрақты қатысады. Жеңістермен қатар, олар көрермен алдында сахнада өнер көрсету тәжірибесін жинақтайды.

Мектеп өміріне оқушылардың ата-аналары да белсенді араласады. Мерейтойлық концерт барысында бірнеше отбасы балаларымен бірге сахнаға шықты.

Жанат Байгереева екі қызының да өнер мектебінде оқитынын айтып, өзі алғаш рет олармен бірге көрермен алдында өнер көрсеткенін жеткізді. Концертте ол гитарада ойнап, қызы домбырада өнер көрсетті.

Жанат Байгереева музыкалық білімі болмаса да, бүгінде Железин балаларында осындай мүмкіндік бар екеніне қуанышты екенін айтты.

– Мен әрдайым балаларға ауданымызда жас ұрпақтың шығармашылық және жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалғанын бағалау керек екенін айтамын, – дейді ауыл тұрғыны.

Железин балалар өнер мектебінің оқушысы Аружан Бекет бірден екі бағыт – домбыра және фортепиано бойынша білім алады. Мерейтойлық концертте ол алғаш рет анасымен бірге өнер көрсетті.

– Басында қатты қобалжыдым, бірақ сахнаға шыққанда қорқыныш жоғалып кетті. Анаммен бірге өнер көрсету маған өте ұнады. Осындай мүмкіндік тағы болса, қуана сахнаға қайта шығар едім, – деді оқушы.

Болашақта Аружан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды жоспарлайды. Алайда музыка оның өмірінің ажырамас бөлігі болып қала беретініне сенімді.

Мектепте кәсіби оқу орындарымен ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Железин өнер мектебі екі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның бірі – «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен, екіншісі Павлодар музыкалық колледжімен жасалған. Құжаттар бірлескен жобаларды, концерттер мен байқауларға қатысуды, педагогтер мен оқушылар арасында тәжірибе алмасуды көздейді.

Данияр Айтбаевтың айтуынша, бұл ынтымақтастық алғашқы нәтижелерін де бере бастаған. Оқушылар мен педагогтер колледж іс-шараларына қатысса, колледж өкілдері өз кезегінде Железинкаға келіп тұрады.

– Біз қазірдің өзінде бірлескен жұмысты бастадық. Бір-біріміздің іс-шараларымызға қатысып, шығармашылық кездесулер мен концерттер өткіземіз. Бұл балаларымыз үшін өте маңызды, себебі олар музыкадағы болашақ жолын көріп, кәсіби ортамен таныса алады, – деп атап өтті ол.

Мектепте мұндай ынтымақтастық әсіресе өмірін музыка және өнермен байланыстырғысы келетін ауыл балалары үшін маңызды деп есептейді.

Сонымен қатар бұл серіктестік кадр мәселесін шешуге де көмектеседі. Өнер мектебі қазақ халық аспаптары ансамблін құруға мүдделі. Бұл бағытта ұжым музыкалық колледж бен жас мамандардың қолдауына сенім артып отыр.

Железин өнер мектебінің мерейтойы тек мерекелік дата ғана емес, шығармашылық білімнің балалар мен тұтас ауыл аудандарының өміріндегі рөлін еске салған маңызды оқиға болды. Мұнда балаларды тек аспапта ойнауға ғана емес, командада жұмыс істеуге, сахнадан қорықпауға, өзіне сенуге және өз жолын табуға үйретеді.

Еске сала кетейік, аудандарда талантты балалар аз емес. Биыл «Үздік қосымша білім беру ұйымы – 2026» облыстық байқауының жеңімпазы атанған Ертіс балалар өнер мектебінде 700-ден астам бала білім алады.

Фото: Данияр Айтбаевтың жеке мұрағатынан