Павлодарлық шаштараздар мен визажистер Халықаралық байқауда топ жарды
М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Beauty studio» шаштараз өнері және декоративтік косметика студиясы «Сен жұлдызсың! Күз бояулары» атты IV Халықаралық қашықтықтын фестиваль-конкурсына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас шеберлер шаштараз өнері номинациясында қашықтықтан байқауға қатысып, шаш үлгісін жасап, костюм мен аксессуарлар таңдады, күзгі көріністі үйлесімді толықтыратын әдемі макияж жасады.
Студияға 8 жастан 18 жасқа дейінгі 80 оқушы барады.
– Біз студияда шаш қию, бояу, әдемілеп сәндеу, шаш өрумен айналысамыз. Сәнді маникюр, макияж жасауды үйренеміз. Адамның көркі – қолаң шашы. Мысалы, шаш қоюдың бірнеше түрлері бар: авангард, кешкі және күнделікті стиль болып бөлінеді. Мен қазір элегант шаш үлгісін жасап жатырмын, – дейді Айым есімді оқушы.
Конкурс қортындысы бойынша жиырма шақты оқушы бірінші орынды, төрт оқушы екінші орынды алды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар табысталды, ал студия жетекшісі Камила Балғымбаева Алғыс хатпен марапатталды.
Бұған дейін «Beauty studio» шаштараз өнері және декоративтік косметика студиясының тәрбиеленушілері Павлодар политехникалық жоғары колледжінде «Күзгі қиялдар» облыстық кәсіби шеберлік байқауына қатысып, өз образдарын дайындаған.
– Менің жас шеберлерім бұл конкурсқа өте жауапты дайындалды. Өз тәрбиеленушілерімді мақтан тұтамын. Олар күзгі образдарды бір жұма ішінде ойлап тауып, дефиле жасады. Өз қолдарымен шашқа арналған әшекей бұйымдар істеді және костюмдерді тікті. Әр бейнені мұқият ойластырды, – деді «Beauty studio» жетекшісі Камила Балғымбаева.
«Фантазиялық макияж» номинациясы бойынша Айсана Бегімова екінші дәрежелі дипломмен, ал «Креативті образ» номинациясы бойынша Жансая Сағынтаева үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.