Павлодарлық спортшы Қазақстан құрамасының Қытайда жеңіске жетуіне ықпал етті
Қазақстан құрама командасының құрамында әр облыстан жиналған төрт мықты спортшылары болды. Соның бірі павлодарлық Александра Залюбовская, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Александра Залюбовская Марғұлан университеті жанындағы өнер және спорт жоғары мектебінің ДШжС – 14 тобының студенті. Ол Ханчжоу қаласында (Қытай) өткен ХІХ Азия ойындарында 4х400 микс эстафетасында қола жүлдегер атанды.
- Қазақстан құрама командасының сапында Ефим Тарасов, Аделина Земс, Дмитрий Коблов және Александра Залюбовская болды. Жоғары командалық рух пен ұйымшылдық танытқан жігіттер мен қыздар жақсы нәтиже көрсетіп, Бахрейн мен Үндістан құрамаларына ғана есе жіберді, - делінген хабарламада.
Александраның айтуынша, әсіресе Таиланд пен Шри-Ланка құрамаларына қарсы күрес қиын болған.
- Дайындық деңгейі өте жоғары, өйткені командаларда әлемнің ең мықты спортшылары ойнады. Бахрейн мен Үндістан құрамалары үлкен айырмашылықпен алға шықты. Бірақ табандылық пен командалық рухтың арқасында біз Шри-Ланка құрамасын басып озып, үшінші орынға қол жеткіздік, - деді жерлесіміз.
Александраны Павлодар облысы спорт шеберлігі жоғары мектебінің жоғары санатты жаттықтырушысы Александр Степанковский дайындайды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының спорт шебері Александра Залюбовская биыл Астана қаласында өткен Азия чемпионы. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы, 400, 200, 800 метрге жүгіруден Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы.