Павлодарлық спортшылар Абу-Дабиден медальдармен оралды

Павлодарлық спортшылар Абу-Дабиден медальдармен оралды
Фото: instagram/jiujitsu_pvl

Өңір спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен республикалық турнирлерде тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында 1–8 тамыз аралығында өткен JJIF нұсқасы бойынша джиу-джитсудан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен Павлодар облысының спортшылары бес жүлдеге қол жеткізді.

Әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша Сальсабиль Қонаева No Gi бағдарламасында күміс, Gi бағытында қола медаль жеңіп алып, турнирдің екі дүркін жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Қали Мұса Fighting бағдарламасында, Самат Қонаев Gi-де күміс жүлдеге ие болды. Ал Ибрахим Смайылов No Gi бағдарламасында үшінші орыннан көрініп, қола медаль еншіледі.

Павлодар облысында джиу-джитсу спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Өңір спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен республикалық турнирлерде тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, ұлттық құраманың негізгі мүшелерінің қатарына енген. Сонымен қатар, павлодарлық джиу-джитсушылар Азия және әлем чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, өңірдегі жекпе-жек спорт түрлерінің әлеуетін тұрақты түрде дәлелдеп келеді.

Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатының қорытындысы Павлодар облысында қалыптасқан джиу-джитсу мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Бес медаль өңір спортшыларының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстан құрамасының нәтижесіне қосқан маңызды үлесін айғақтайды.