Павлодарлық спортшылар Азия ойындарына аттанды
Қазақстан құрамасына өңірден 19 спортшы іріктелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындарының бірінші кезеңі басталады. Оған Азияның 45 елінен 15 мың спортшы қатысады. Спортшылар жалпы 40 дисциплинадан сынға түседі.
– Қазақстан 33 спорт түрі бойынша 524 спортшыны ұсынды. Олардың қатарында Павлодар облысынан 19 спортшы бар. Олар он бағыт бойынша жарысқа түспек, – деді басқармада.
Роман Мәменов қоссырықтан шеберлік көрсетеді. Ал Виктория Бутолина – батут гимнастикасы бойынша сынға түседі. Александра Залюбовская мен Ольга Сафронова әрқайсысы 1600 метрге жүгіреді.
Ерлер арасындағы жекелей және топтық веложарысқа Дмитрий Груздев, әйелдер секциясында Рината Сұлтанова қатысады. Татьяна Генелева мен Егор Карасев маутинбайк бойынша веложарысқа шығады.
Максим Мазепа – оқ атудан, Ангелина Романовская үстел теннисінен сайысқа түседі.
Волейболдан ерлер құрамасына Асқар Серік, Максим Мищенко және Борис Кемпа енді. Әйелдер құрамасына Кристина Белова алынды.
Әйелдер арасындағы 3х3 баскетбол түрінен ұлттық құрамаға Валерия Капитонова, Ксения Абдурашитова және Дильназ Еркебай іріктелді. 5х5 нұсқасында Екатерина Гаммер қазақстандық команда сапында жарысады.
Ал Әлішер Сүлейменов турнирде жеке шахмат ойындарын ойнайды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі спортшыларға бейресми командалық жарыста ең жоғары міндет қойды. Ең бастысы – жетінші орыннан төмен түспеу.
Қытайдағы Азия ойындары 8 қазанда аяқталады.
Әсия Серікова