Павлодарлық шахматшылар жедел ойында жүлделерді сарапқа салды

Павлодарлық шахматшылар жедел ойында жүлделерді сарапқа салды
Фото: Константин Шелков

Жарыс енді ай сайын өткізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстың ең мықты шахматшыларын жылдам шахматтан өткен INEU CUP турнирі бір алаңға жинады. Бұл дода шахмат академиясының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Халықаралық рейтингке есептелетін ойындарға 121 қатысушы жиналды.

Шахмат академиясының негізін қалаушы әрі турнирді ұйымдастырушы Виктор Казаков салтанатты ашылу рәсімінде 9 жастан 80 жасқа дейінгі ардагерлер мен жас спортшыларға жарқын жеңістер тіледі. Ол бұл турнирді ай сайын өткізуді жоспарлап отырғанын және географиясы да кеңейетінін, яғни көрші мемлекеттердің спортшыларын шақыру көзделгенін жеткізді.

Академияда екі жыл бойы оқып жүрген Катя Гончарова жуырда 10 жасқа толады. Оның қоржынында түрлі деңгейдегі жарыстардан алған жүлделі орындары бар. Ал бүгін ол қатысушылардың көңілін ерекше көтерді – жарысқа анасымен бірге тіккен «шахмат ханшайымы» костюмімен келді.

– Шахматты анамның кеңесімен таңдадым. Ол ойлауды дамытады деді. Қызығып көрдім, содан кейін қатты ұнап қалды. Үйде көбіне әкеммен ойнаймын, бірақ қазір оны жиі ұтып жүрмін, – деп күлді болашақ шахмат ханшайымы. – Бір күні беделді жарыстардың бірінде кубок иеленуді армандаймын.

Сахна төріне ардагерлер Сейітботал Успанов пен Виктор Кокарев те шақырылды. Олар бұл алаңның бірнеше буын спортшыларын біріктіретін орынға айналарына сенім білдірді.

Турнир соңында INEU CUP жүлдегерлерінің барлығы демеушілер ұсынған қаржылай сыйлықтарға ие болады.

Фото: Татьяна Сартакова