Павлодарлық студенттерге мұнайшылардың жұмысы көрсетілді

Павлодарлық студенттерге мұнайшылардың жұмысы көрсетілді
Фото: автор

Павлодар мұнай-химия зауыты жылына алты миллион тонна мұнай өңдейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шара «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында өтті. Оның мақсаты – экологиялық сананың деңгейін арттыру, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпорындардың оң тәжірибесін насихаттау.

Баспасөз турын табиғатты қорғау прокуратурасы Павлодар облысының экология департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.

Басым көпшілігі жоғары оқу орындары мен колледж студенттері болған қонақтар алдымен қауіпсіздік шараларымен, стратегиялық нысан аумағында жүру тәртібімен таныстырылды, сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.

Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары – бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықовтың айтуынша, сапар барысында қатысушылар Павлодар мұнай-химия зауытының қызметімен, технологиялық процестің ерекшеліктерімен және кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаны қорғау шараларымен таныстырылды.

Қонақтар кәсіпорынның экологиялық саясатымен таныстырылды, техникалық шешімдер мен қоршаған ортаға әсерді азайтудың практикалық шаралары зерделенді. Сондай-ақ оларға шығарындыларды бақылау, қалдықтарды кәдеге жарату және заманауи экологиялық стандарттарды енгізу туралы айтылды.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директоры Сергей Петрук жас павлодарлықтарға өнеркәсіп алыбының жұмысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Зауыт 1978 жылы пайдалануға берілген және Батыс Сібір кен орындарындағы мұнай шикізатын өңдеуге бағытталған.

Бірақ зауыттың тарихы ертерек басталды – 1949 жылы Павлодардың Солтүстік индустриялық аймағында Бүкілодақтық «Гипронефтезавод» ғылыми-зерттеу институты мұнай өңдеу зауытын салуға жер таңдап алды. 1970 жылы Грозный «Грознефтехим» институтының мұнай өңдеу қуаттылығы жылына 12 миллион тонна Павлодар мұнай өңдеу зауытын салу жобасы бекітілді. 1971 жылы зауыттың құрылысы басталды.

1978 жылы зауыттың бірінші кезегі – қуаттылығы жылына алты миллион тонна мұнайды бастапқы өңдеуге арналған ЛК-6У кешені іске қосылды.

- ПМХЗ мұнай өнімдерінің кең ассортиментін шығарады. Оның ішінде әртүрлі маркалы автобензин, дизель отыны, авиакеросин, мазут, сұйытылған көмірсутекті газдар, вакуумдық газойль, техникалық күкірт, бірнеше сортты битум, мұнай коксы, мазут, көміртекті қара өндіруге арналған шикізат бар, – дейді Сергей Петрук.

Зауытта белсенді әлеуметтік саясат жүргізілуде, жұмысшылардың еңбек етуіне, өмірі мен денсаулығын жақсартуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. ПМХЗ үшін басымдық – бұл елдің қажеттіліктері үшін қажетті көлемде мұнай өңдейтін кәсіпорынның ақаусыз жұмыс істеуі, нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін мұнай өнімдерін шығару, Jet A-1 авиаотыны мен қысқы дизельдік отын өндірісін дамыту.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының басында ел басшылығы өндіріс көлемін кеңейтудің орнына мұнайды терең өңдеу жолын таңдауды ұйғарды. Бұл шаралар Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес К-4 класты мотор отынын: дизель отынын, АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы автобензинді және RT маркалы авиакеросинді өндіруді қамтамасыз етті.

Экскурсия жастарға ұнады. Мәселен, ИнЕУ заң факультетінің студенті Регина Булуева өндірістік процестің күрделілігін және оның қызметкерлерінің еңбегін атап өтті.

- Барлығы өте қызықты болды. Адамдардың жұмысы қиын екені анық, соған қарамастан өндірісті өз деңгейінде ұстап, елді қажетті отынмен қамтамасыз етіп, мансабында алға басуда. Бұл таңқаларлық. Экскурсия үшін рахмет, – деді студент.

Зауытта кадрлық саясатқа үлкен көңіл бөлінеді, оның мақсаты – персоналды тиімді басқару, оны дамыту, ортақ корпоративтік құндылықтармен біріктірілген кәсіби және ұйымшыл ұжым құру.

«ПНХЗ» ЖШС-де 2400-ден астам қызметкер жұмыс істейді, қызметкерлердің үштен бірін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Зауыттың әрбір екінші жұмысшысының жоғары кәсіби білімі бар. Зауыт жұмысшыларының орташа жасы – 40 жас.