Павлодарлықтарға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың тәуекелі түсіндірілді

Павлодарлықтарға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың тәуекелі түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізу ұсынылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі бар. Алайда мамандар мұндай шешімнің болашақтағы табыс көлеміне тікелей әсер ететінін ескертеді. Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу тәсілдерін жетілдіру мәселесі өзекті болып отыр.

Бүгінде қолданылып жүрген әдістеме салымшыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке шоттарынан белгіленген шектен асатын қаражаттың бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Бұл жинақтар азаматтардың табысынан ұсталатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады. Жинақтардың жүйелі түрде толықтырылуы тұрғын үй, медициналық қызметтер сияқты маңызды қажеттіліктерді шешуге көмектесіп отыр.

Дегенмен, көптеген қазақстандықтар, әсіресе жастар, бүгінгі күннің қажеттіліктерін алға қойып, болашақтағы зейнетақы мәселесін кейінге қалдырады. Нәтижесінде зейнет жасына жеткенде жеткілікті табыспен қамтамасыз етілу тәуекелі артады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша,  елдегі зейнетақы жүйесі азаматтарды зейнеткерлік кезеңде тұрақты табыспен қамтамасыз етуге бағытталған. 

- Мемлекеттің негізгі міндеті – халықтың қаржылық тұрақтылығын сақтап, қартайған шақта лайықты төлемдерге кепілдік беру. Бұл тек жеке адамның әл-ауқаты үшін ғана емес, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы үшін де маңызды, - деді ол.

Сонымен қатар, қазіргі модель әр азаматтың өмірлік жағдайын толық ескере бермейді. Мысалы, әр адамның еңбек жолы тұрақты болмауы немесе табысы өзгеріп отыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігіне әсер етеді.

Бүгінгі таңда 25–50 жас аралығындағы жұмыс істейтін қазақстандықтардың болашақ зейнетақысы екі бөліктен қалыптасады. Яғни, мемлекеттен төленетін базалық зейнетақы және жинақтаушы жүйе арқылы қалыптасқан төлемдер. Сондықтан жинақ көлемі жалпы табыс деңгейін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады.

Мысалы, 46 жастағы салымшының зейнетақы жинағы 11 миллион теңгені құраса, оның 3,2 миллион теңгесін қазір алуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл жағдайда оның болашақта алатын ай сайынғы зейнетақысы шамамен 42 мың теңгені құрауы мүмкін. Егер ол қаражатты қазір алмай, қорда қалдырса, инвестициялық табысты ескере отырып, төлем көлемі екі есеге дейін артуы ықтимал.

Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шегін арттыру ұсынылуда. Бұл шара азаматтардың жинақтарын сақтап, болашақта жоғарырақ зейнетақы алуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, зейнетақы жинақтарын қысқа мерзімді қажеттіліктерге жұмсау тәжірибесі ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екені айтылуда.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін ұсынды. Бұл тәсіл өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық кірістілікті және болашақ төлемдердің нысаналы деңгейін ескереді. 

Ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – азаматтар жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да олардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз етілуін сақтау.