Екібастұздық тәртіп сақшылары бес айлық сәбиді әкесіне қайтарды

Екібастұздық тәртіп сақшылары бес айлық сәбиді әкесіне қайтарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қыз антисанитариялық жағдайда анасымен бірге тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 18 ақпанда полиция майоры Динара Қалықоваға шақырту түсті. Ер адам Көкшетау қаласынан Солнечный кентіне бес айлық сәбиімен бірге әпкесі келгенін, оның алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынатынын және балаға қарамайтынын хабарлаған. Әйел ағасының ескертулеріне құлақ аспаған. Осыған байланысты ер адам полициядан көмек сұрады.

Көрсетілген мекенжайға келген ювеналды полицияның аға инспекторы мас әйелді көрді. Үйде қоғамға жат өмір салтын ұстанатын адамдар болған. Баспана толық антисанитариялық жағдайда еді, ал бес айлық сәби төсекте жалғыз жатқан.

– Баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол шұғыл түрде Екібастұз қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Ювеналды полиция қызметкері тексеру материалдарын жинауға кірісті және сәбидің әкесіне, сондай-ақ Көкшетау қаласының қорғаншылық органдарына хабар берді, – делінген хабарламада.

Әйелдің бұған дейін 14 жасар ұлы үшін ата-ана құқығынан айырылғаны, қазіргі уақытта жасөспірімнің туыстарының қамқорлығында екені анықталды.

Баласынан айырылғаннан кейін әйел ауылдан кетіп, тұрмысқа шығып, қыз туады. Алайда, ол зиянды әдеттерінен бас тартпай, алкогольді ішуді жалғастырған. Жұбайымен арадағы жанжалдың себебі де осы болған. Отбасылық жанжалдан кейін әйел ағасының үйіне кетіп қалған, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Осы оқиғаға байланысты шұғыл түрде қыздың әкесі мен Көкшетау қаласының қорғаншылық органдарының қатысуымен Екібастұз қаласының кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Нәтижесінде сәбиді заңды өкілі – әкесіне беру туралы шешім қабылданып, ананың ата-ана құқығын шектеу мәселесі көтерілді.

Ер адам өңірдің полиция қызметкеріне кәсіпқойлығы үшін алғыс білдірген. Алғыс хат @dp_pavlodar директіне келіп түсті.

– Динара Қалықоваға қызымның өмірін сақтап қалғаны үшін, оның құзыреттілігі, сыпайылығы мен жедел әрекеті үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді мен павлодарлық полицейлердің кез келген жағдайда азаматтарға көмекке келуге дайын екеніне толық сенімдімін. Жұбайым қызымды алып кеткен кезде, мен оған бірнеше рет қоңырау шалдым, бірақ ол жауап бермеді. Ренжіп жүр деп ойладым. Бірнеше күн өткен соң, оның орнына полиция қызметкері маған қайта қоңырау шалды. Үйге оралған соң, мен сотқа шағымданып, оны ата-ана құқығынан шектеу туралы өтініш беремін, – деді қыздың әкесі.

Динара Қалықова ең бастысы – баланың әкесі мен туыстарының қасында қауіпсіздікте екенін атап өтті және сәбиінің болашағы жарқын болуын тіледі.