Павлодар облысында төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылады

Павлодар облысында төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылады
Фото: Валерий Бугаев

Желдің күшеюі өңірге үлкен шығын әкелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

6-7 қарашада Павлодар облысында желдің екпіні секундына 28-30 метрге дейін күшеюі тіркелді. Салдарынан үш қала мен олардың ауылдық елді мекендерінде, сондай-ақ Ақтоғай мен Баянауыл аудандарында 12 әлеуметтік нысан мен әкімшілік ғимараттардың, 31 көпқабатты және үш жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті зақымданды.

Облыс әкімдігінде ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірдегі ағымдағы ахуал талқыланды. Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жедел түрде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізу және келтірілген залалды бағалау мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы қажетті шешімдер қабылдау тапсырылды.

– Электрмен жабдықтау желілерінде 120 апаттық өшіру орын алса, оның 69-ы жойылды. Қалған жұмыстар жалғасуда. 180 астам адамнан тұратын 68 апаттық бригада мен 62 техника жұмылдырылды, – деп атап өтті отырыста.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты болған оқиғалардың салдарынан үш адам зардап шекті. Екі адам жарақат алып, біреуі ауруханаға жеткізілді, екіншісі ауруханаға жатқызудан бас тартты. Алған жарақаттардан бір адам көз жұмды.

Павлодар облысының әкімдігі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып, үйлерінен шықпауды сұрайды.