Павлодарлық жастар арасында моншақ жасауға қызығушылық артуда
Облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханада «Ұлттық зергерлік бұйымдарды жасау» атты шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Шара барысында қолөнерші Әйгерім Алежанова қонақтарға түрлі әшекей жасау жолдарын көрсетіп, қолдарына ине мен жіп ұсынды. Шебер облыстық кітапханамен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтады. Ай сайын түрлі шаралар өткізіп, жастарды шығармашылық өнерге баулиды. Бүгін келген қонақтарға ұлттық нақышта тана моншақ жасауды үйретті.
– Ертеден келе жатқан бейнелеу өнерінің бір түрі – сәндік қолданбалы өнер. Қазақ халқының бұл өнері ұлттық мәдениеттің баға жетпес қазынасын құрайды. Айта кетсек, қолөнердің осы түрі қазіргі таңда танымал келеді. Тіпті, мектеп оқушылары да келіп, шеберлік сағаттарға қатысып жатады. Жастар арасында өнердің бұл түріне сұраныс бар. Шарамыздың басты мақсаты – ұлттық өнерімізді жаңғыртып, жаңа сала ретінде ұсыну. Алдағы уақытта да осы шеберлік сағаты сынды іс-шараларды жиі өткізетін боламыз, – дейді Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің оқытушысы Әйгерім Алежанова.
Оның айтуынша, әзірге балаларға арналған үйірмелер жоқ. Тек «Күміс университет» атты зейнеткерлерге арналған қолөнер үйірмесі бар. Алдағы уақытта жастар арасында қолөнерді дамыту жоспарланып отыр.
Кітапхана қызметкерлері бір жыл бұрын ашылған «Art studio» жобасы аясында мұндай іс-шаралар жиі өткізілетінін айтады. Ай сайын түрлі саланың мамандары келіп, шеберлік сағатын өткізеді. Қазақтың төл мерекесі аясында ұлттық өнерімізді жаңғыртып, жастарды қолөнерге баулуда.