Павлодарда кездейсоқ басталған іс табысты бизнеске айналды

Павлодарда кездейсоқ басталған іс табысты бизнеске айналды
Фото: ұйымдастырушыдан

Автокөлікке арналған жапқыштар тігуді қолға алған жергілікті кәсіпкер қысқа уақыт ішінде сұранысқа ие өндіріс құрып, мыңдаған көлік иесінің таңдауына айналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық Exclusive.pavlodar компаниясы автокөлік интерьеріне арналған өнімдер өндірісінде өңірдегі жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Кәсіпорын автокөлік салонының жайлылығы мен эстетикасын арттыруға бағытталған автожапқыштар, төсеніштер, жамылғылар және өзге де аксессуарлар шығаруға маманданған.

Компания сапалы материалдарды, заманауи дизайнды және әр клиентке жеке көзқарасты үйлестіре отырып, тек қорғаныс қызметін атқаратын ғана емес, көлік иесінің стилін айқындайтын өнім ұсынады.

Кәсіпорын жетекшісі Ернар Сабыровтың айтуынша, бизнес 2019 жылдың желтоқсанында басталған. Пандемия кезінде уақытша тоқтағанымен, 2020 жылдың мамырында қайта іске қосылып, бүгінде тұрақты дамып келеді.

– Бұл салаға біз кездейсоқ келдік. Бұрын тәжірибем болған жоқ. Пандемия кезінде жұмыс азайып, жаңа бағыт іздедік. Досым ұсыныс жасады, біз тәуекел еттік. Соның нәтижесінде алты жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеміз, – дейді ол.

Бүгінде компанияның қорында 1500-ден астам дайын лекало бар. Бұл әр көлік моделіне дәл келетін, жеке пішіммен тігілетін өнім жасауға мүмкіндік береді. Соңғы алты жылда павлодарлық кәсіпорын 6000-нан астам автокөлікке автожапқыш орнатып үлгерген.

– Біз әмбебап емес, нақты көлікке арналған чехолдар тігеміз. Клиент материалды, түсін, тігіс жібін өзі таңдайды. Сондықтан әр өнім бірегей болады, – дейді кәсіпкер.

Өнімнің бағасы 70 мыңнан 120 мың теңгеге дейін өзгереді. Тапсырысты орындау 7-10 күнді алса, орнату шамамен үш сағатқа созылады. Компания бір жыл кепілдік береді. 

Шикізат негізінен Қытайдан жеткізіледі. Сонымен қатар кәсіпорын автосалада кеңінен қолданылатын Teddy матасын өндіретін «Эгида» компаниясының ресми серіктесі болып табылады.

Компанияның дамуына мемлекеттік қолдау да серпін берген.

2021 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын 15 миллион теңге көлемінде қаржыландыру алған. Бұл қаражат автожапқыштарға сәндік кесте түсіруге арналған кестелеу машинасын және автокөліктерді химиялық тазалау қызметіне қажетті жуу пылесостарын сатып алуға бағытталған.

Ал 2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында тағы 15 миллион теңге қаржы тартылып, ол автожапқыштар мен төсеніштерді тігуге қажетті шикізат алуға жұмсалған.

– Мемлекеттік қолдау бізге өндірісті кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді. Сұраныс жоғары маусымда тапсырысты уақытында орындауға және нарықтағы орнымызды нығайтуға көмектесті, – дейді Ернар Сабыров.

Қазіргі таңда кәсіпорында сегіз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тапсырыс көлемі артқан жағдайда қосымша жұмысшылар тартылады.

Кәсіпкер алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа лазерлік кесу үстелі мен кестелеу жабдықтарын сатып алу көзделуде. Сонымен қатар компания жиһаз өндірісін де қолға алған.

– Жақында орындықтар шығаратын жаңа бағытты іске қостық. Бұл бөлек суббренд болады. Өндіріс Көкшетауда орналасқан, ал Павлодарда біз ресми дилер боламыз, – дейді ол.

Айта кетейік, 22-24 мамыр аралығында Астанада өтетін «Ұлттық өнім» көрмесінде павлодарлық компания өз өнімдерін таныстыруды жоспарлап отыр. Бүгінде кәсіпорынның клиенттері тек Павлодармен шектелмей, еліміздің өзге өңірлерін де қамтып отыр.