Павлодарлық жауынгер кәсіпқой жекпе-жекте жеңіске жетті
Бұл оның «Alash Pride» тұжырымдағы дебюті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының мәлімдеуінше, Диас Нұрланов – облысымызға белгілі «Abylai FC» клубынының тәрбиеленушісі, жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының жауынгері.
–Облысымыздың жекпе-жек федерациясында талапты жастар өсіп келеді. Соның бірі - Диас. Жасы 19-ға енді толғанына қарамастан, кәсіпқой лигада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл ретте, елімізге танымал «Аlash Pride» тұжырымының негізін қалаушы, спорт жанашыры, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов мырзаға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз, – дейді федерация президенті Данияр Жұмаділ.
Алғашында Диас Қырғыз елінің спортшысымен жұдырық түйістіруі қажет болған. Өкінішке қарай, жекпе-жекке бір күн қалғанда қарсыласы октагонға шығудан бас тартты. Осылайша, Диасқа өзбекстандық Мухаммад Камилджонов қарсылас ретінде белгіленді. Ол сақа, кәсіпқой лигада 5 кездесу өткізген тәжірибелі жауынгер.
– Қазақта «шешінген судан тайынбас» деген жақсы сөз бар. Павлодардан осы жекпе-жек үшін Шымкентке ат арытып келген соң бас тартпауды жөн санадық. Онымен қоса, шәкіртімнің дайындығы да тыңғылықты болды, – дейді облыстық жекпе-жек федерациясының бас бапкері Алтынбек Рщанов.
Диас бапкерінің сенімін ақтады. Қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Өзбек жауынгері екінші раундқа шығудан бас тартты.