Павлодарлық шахматшылар Senat Open финалына жолдама үшін күресуде

Павлодарлық шахматшылар Senat Open финалына жолдама үшін күресуде
фото: автор

Келесі кезеңге үздік ойыншылар таңдалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екінші ашық «Senat Open» шахмат кубогының іріктеу турнирінде 130-дан астам әуесқой-спортшы бақ сынауда. Олардың арасынан 35 жеңімпаз Көкшетауда өтетін жартылай финалда облыс намысын қорғайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир Қазақстандағы ауқымды спорттық шаралардың біріне айналып үлгерді.

– Кең география мен ойыншылардың жоғары деңгейі турнирдің мәртебесін дәлелдейді. Алдағы алты айда шахмат тақтасында депутаттар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен журналистер кездеседі. «Ақылдар шайқасы» спортшылар арасындағы көпірге айналады. Турнирге келген әр қатысушы жеке жеңіс үшін ғана емес, зияткерлік ойынның әлеуетін арттырудағы маңызды қадам деп білемін. Бұл келер ұрпақ үшін де үлгі болары сөзсіз, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Өткен жылы Қазақстан бойынша 2000-нан астам шахматшы рапид бойынша қатысты. Үш кезеңдік ашық «Senat Open» кубогы аясында турнирлер өтті.

Шахмат – үлкен мен кішіге ортақ ойын. Баянауылда 40 жыл кітапханашы болып жұмыс істеген Екатерина Васечка шахмат әлемін зейнетке шыққаннан кейін жаңаша ашқан.

– Мен шахматқа зейнеткер атанғанда ғана әуестендім. Жұмыс істеген кезде көп көңіл бөле алмадым. Қазіргі уақытта Ақсу қаласында ардагерлермен бірге жаттығып жүрмін. Бұл ойын маған шабыт сыйлайды, – дейді спортшы. 

Финалистер швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турда 10+5 уақыт бақылауымен өтетін тартысты кездесулерде анықталады. Ақтық ойын Астанада 29 тамызда өтеді.

Павлодарлық шахматшылар өзге өңірлердегі қарсыластарына дес  бермей келеді. Өткен жылы ашық Кубок ойындарында облыс құрамасы жүлделі орынға іліккен. Әуесқойлар арасындағы шахмат қозғалысының дамуы бағытында жетістіктер бар. Мәселен, былтыр облыс орталығында шахмат федерациясының филиалы ашылған. Алдағы уақытта аудандар мен қалаларда да пайда болмақ.