Павлодарлық желаяқ Катардан жүлделі оралды

Павлодарлық желаяқ Катардан жүлделі оралды
Фото:Crumb.ru

Спортшы қыз Перуде өтетін әлем чемпионатына әзірленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

U-20 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында павлодарлық Мария Шувалова да қатысты. Жерлесіміз 400 метр қашықтыққа жүгіруден өзбек Жонбибі Хукмова мен қытайлық спортшы Ванг Ялуннан кейін жарысты 55,99 секунд уақытпен аяқтады. Эстафетада павлодарлық жеңіл атлетші Қазақстан құрамасына күміс жүлдені иемденуге көмектесті.

- Жасымыз небары он жетіде болса да, 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатта сәтті өнер көрсеттік, - деді жаттықтырушы Константин Сафронов. – Күміс және қола медальдарды қоржынға салдық, жеке рекорд орнаттық, бәрі жақсы өтті. Енді Перуде өтетін әлем чемпионатына әзірленудеміз. 

Мария Шувалова жеңіл атлетикамен бес жыл бойы айналысуда. Сол уақыт ішінде ол үш бірдей Азия чемпионатына қатысып, барлығынан елге медальмен оралды. 

Бұған дейін павлодарлық желаяқ қыз былтыр Ташкент пен Инчхонда өткен Азия чемпионаттарында екі бірдей күміс медальді иемденген еді.