Павлодарда дәстүрлі тоғызқұмалақ турнирінде алыстан келген қонақтар бақ сынайды

Павлодарда дәстүрлі тоғызқұмалақ турнирінде алыстан келген қонақтар бақ сынайды
Фото: Есенжол Исабек

Додаға Алматы, Астана, Қостанай, Шымкент, Абай, Ұлытау өңірлерінен келген 350 спортшы қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Шахмат үйінде облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған ХVІ республикалық тоғызқұмалақ турниі басталды.

– 16 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирде тоғызқұмалақ ойынының жанкүйер қатысушылары мен жаттықтырушыларын арада жыл өткізіп көргенімізге қуаныштымыз. Биыл арнайы өзіміз ұсыныс беріп 8 және 10 жасқа дейінгі қатысушыларды екіге бөліп, алтыншы және жетінші орын алушыларға жұбаныш сыйлықтарын дайындап отырмыз, – деді доданы ұйымдастырушы «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

Аталмыш жарыстың ұйымдастырушылары ойын тоғызқұмалақтың тек бір түрінен өтетінін атап өтті. Жарыс тек рапид түрі бойынша өткізіледі. Турнирге Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалалары, Шарбақты, Баянауыл, Аққулы, Успен, Ертіс аудандарынан да қатысушылар келіп жатыр. Турнирде 9 тур 20 минуттан болады.

–  Тоғызқұмалақ ойнауды үш жылдан бері үйреніп, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып жүрмін. Тоғызқұмалақ ойнау оңай емес, тез ойланып, қарсыласты жеңіп алуды қажет етеді. Қатысушылардың бәрі орын алса екен деймін, – дейді Абай облысынан келген қатысушы Арман Қасенғали.

Аталмыш жарыста Қазақстан чемпиондары, спорт шеберлері, көптеген разрядтағы балалар бар. Қатысушылардың көптігіне байланысты жарыс екі күнге созылмақ.