Павлодарлық жігіттің құлағының тұсындағы ісік алынып тасталды

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық №1 ауруханасында 19 жастағы пациентке оң жақтағы шықшыт безі ісігін жою бойынша ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл — жиі кездесетін жағдайлардың бірі.
– Қазіргі таңда мұндай ісіктер жиі кездеседі. Біздің бөлімшеде айына кем дегенде онға жуық осындай жағдай бойынша ота жасалады, – деді №1 қалалық ауруханасының жақ-бет хирургі Дидар Байғали.
Маманның айтуынша, науқастың ісігі шамамен бес сантиметрге жеткен және жарты жыл оны мазалаған. Науқас уақтылы жүгінгендіктен, ота сәтті өтті, ешқандай асқынулар байқалмады. Операциядан кейін пациент 2-3 күн ішінде үйіне шығарылады және емін амбулаторлық бақылауда жалғастырады.
– Ота МӘМС арқылы тегін жасалды. Егер сақтандыру болмаған жағдайда, жоспарлы түрде жасар едік. Мұндай операцияның құны 200 мың теңге шамасында болар еді, – деді дәрігер.
Дидар Байғалидің сөзінше, ісіктің этиологиясы әртүрлі болуы мүмкін.
– Ісік жарақат, инфекциялық аурулар, аутоиммундық процестер, генетикалық факторлардан пайда болуы мүмкін. Егер олар уақтылы алынбаса, қатерлі ісікке айналып, жақын орналасқан органдарға зиян келтіруі мүмкін, – деді Дидар Байғали.
19 жастағы науқас өзгерістерді алғаш рет екі жыл бұрын байқапты. Оның айтуынша, бастапқыда бұл біржарым сантиметр көлемінде болған кішкентай шар тәрізді түйін болған, бірақ кейін үш сантиметрге дейін ұлғайған.
– Ешқандай қолайсыздық тудырған жоқ. Шар тәріздес болғандықтан косметикалық ыңғайсыздық тудырды. Кейін биопсия, МРТ және УЗИ жасауға бел будым, — деді Родион Фомин.
Алғашқы екі күнде қызуы көтерілгенімен, қазіргі жағдайы тұрақты. Ол тек оң жаққа жата алмайтынын, бірақ басқа ешқандай ауырсыну немесе асқыну жоқ екенін айтты.
– Ота тегін жасалды. Наркозбен жасалғандықтан, мен ештеңе сезген жоқпын. Дәрігерлерге тек алғыс білдіремін, — деді науқас.
Дидар Байғалидің айтуынша, бұл секілді ісіктер жасқа қарамайды – олар кез келген жаста пайда болуы мүмкін.
– Көлемі 1 сантиметр болса да, дереу дәрігерге көріну керек. Неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым емдеу жеңіл және қалпына келу жылдам болады, – деді бет-жақ хирургі.
Дәрігерлердің айтуынша, ерте диагностика мен жоспарлы ота науқастың тез әрі қауіпсіз сауығуына ықпал етеді. Ал медициналық сақтандырудың арқасында мұндай күрделі операциялар да халық үшін қолжетімді болып отыр.