Павлодарлық ҚЭЗ алюминийі он шақты елге экспортталады
Соңғы бес жылда отандық нарықта алюминий өндірісіне сұраныс саны екі есеге артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚЭЗ – бастапқы алюминий өндіруші және оны әртүрлі елдерге саудаға шығарады. Қазақстан электролиз зауытының алюминийінен кабель-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялары және құрылыс, автомобиль, тамақ және тұрмыстық индустрия, аспап жасау және басқа да бағыттарға арналған бұйымдар жасалады.
Зауытта екі негізгі цех бар: алюминий электролиз цехы және электродтарды өндіру цехы. Өндірістік цехтардың құрылымына негізгі цехтардан бөлек, келесі қосалқы бөлімшелер кіреді: электр-энергетикалық цех, орталықтандырылған жөндеу цехы, қойма және қосалқы жұмыстар цехы, өндірісті және байланысты автоматтандыру цехы, орталық зауыт зертханасы, техникалық бақылау бөлімі, көлік цехы.
Қазақстан электролиз зауытының технологиялық инженері Аян Абдрахманов экспорт жағынан нәтиже жаман емес екенін атап өтті.
– Зауыттың жобалық қуаты жылына 250 мың тонна алюминийді құрайды. 2023 жылы 261 мың тонна алюминий шығарылады деп күтілуде. Біздің алюминий Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Түркия, Грузия, Нидерланды, Италия, Греция және басқа да Еуропа елдеріне экспортталады. Бастапқы алюминийді бізден 11 қазақстандық кәсіпорын сатып алады. Соңғы бес жылда отандық нарыққа жөнелту екі есе өсті. 2023 жылы Қазақстанда алюминийді сатудың жалпы айлық көлемі – бес мың тоннаға дейін жетті, – дейді Аян Абдрахманов.
«ҚЭЗ» АҚ – еліміздегі жетекші металлургиялық кәсіпорындардың бірі әрі барлық халықаралық экологиялық талаптарға сай индустриялық сектордағы ең жоғары технологиялық кәсіпорындардың бірі. Зауытты жобалау барысында және оның құрылысы кезінде экология мәселелеріне ерекше мән берілді. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Кәсіпорында өңірдегі тұрақты экологиялық жағдайды қолдауға бағытталған табиғатты қорғау іс-шаралары өткізіледі.