Павлодарлықтар Босфорды бағындырды

Босфорды еңсеру әуесқой жүзушілердің арманы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық Татьяна Васковская мен Ольга Горбачевская бұл мақсатқа қол жеткізді. Олар бұғаздың суық толқындарын бағындырып, құрлықаралық жүзуші мәртебесіне ие болды.
Татьяна бұл жарыс туралы екі жыл бұрын әлеуметтік желідегі блогерден кездейсоқ білген. Балалық шағында жүзумен айналысқандықтан, кәсіби дағдылары болған.
– Халықаралық жарыстарға қатысуға деген ынта әрдайым болды. Босфор туралы фильмдер көргеннен кейін бұл арман одан сайын күшейді. Биыл шешім қабылдап, тіркелдім. Жеке жаттықтырушымен және өз бетімше жаттыға бастадым. Бір сәтте бұл арманға қол жеткізу мүмкін емес сияқты көрінді, – дейді Татьяна.
Жарыс алдында ол Анталиядағы спорттық лагерьлер туралы біліп, шетелдік спортшылармен бірге Жерорта теңізінде сынақ жүзулерін өткізді.
– Босфорда да екі рет сынақ жүзінде жаттығып, жарыстың бағытымен таныстық. Басында қорқынышты болды, бірақ қобалжу біртіндеп сейілді. Сенімділік пайда бола бастады. Әрине, су айдынының ауқымын көргенде аздап толқыдым. Бірақ, бұл бәсеке өзімді жеңу және ләззат алу үшін керек деп шештім. Жарыс күні ауа райы біраз бұзылды, бірақ бұл жайт көптеген спортшы үшін кедергі болмады, – деп еске алады ол.
Татьяна 6,5 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 42 минутта жүзіп өтті.
– Атмосфера мерекелік сипатқа ие болды. Барлығы бір демде өтті. Өкінішке қарай, жарыс кезінде құтқару қайықтарын көрмедік. Дегенмен, жаман ойлардан аулақ болуға тырыстым. Бір сәтте жағдайы нашарлаған адамға жақындадым. Ол бәрі жақсы екенін айтқан соң мен жүзуді жалғастырдым, – дейді Татьяна.
Босфор арқылы құрлықаралық жүзу – Түркиядағы Олимпиада комитеті ұйымдастыратын ашық суда жүзу бойынша өтетін жыл сайынғы жарыс. Алғаш рет 1989 жылы 23 шілдеде ұйымдастырылды. Сол кезде небары 68 жүзуші қатысқан. Қазір бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам әуесқой және кәсіби спортшыны жинайды. Ашық суда жүзу жөніндегі Дүниежүзілік қауымдастық бұл жарысты «әлемдегі ең үздік бұқаралық жүзу сайысы» деп таныды.
Жарыс дәстүрлі түрде тамыз айының екінші жартысында өтеді. Бүгінге дейін шамамен 40 рет ұйымдастырылған жүзу шарасына енді павлодарлықтар да қатысып жүр.
Еске салайық, биылғы жазда әуесқой спортшылар тобы Шортанды көлін жүзіп өтті, ал әуесқой спортшы Константин Ведьмедь «Алькатрастан қашу» атты АҚШ-тағы тарихи триатлон жарысында мәре сызығын аттады.