Ертіс үстіндегі сабақ: Павлодар балалары «Фарватер» академиясына қатысуда

Ертіс үстіндегі сабақ: Павлодар балалары «Фарватер» академиясына қатысуда
Фото: Константин Шелков

Осылайша балалар қоршаған ортаны зерттеуге өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл "Павлодар география үйінің" білім беру жобасы алғаш рет өзен вокзалының кемелерінде ұйымдастырылып отыр. 

«Павлодар география үйінің» директоры Александр Вервекиннің айтуынша, бес күн бойы «Фарватер» жүзбелі академиясының қатысушылары «Екібастұз» және «Қазақстан» теплоходтарында білім алады.

– Біз үшін бұл ерекше жоба. Оны жаздың шарықтау шегі деп те атаймыз. Балалар да, ересектер де бұл жобаны жыл сайын асыға күтеді. Бұл таңсық емес, өйткені мұнда білім берудің, ақпарат жеткізудің қызықты тәсілі қолданылған. Академияның басты артықшылығы – Ертіс өзенімен саяхаттау барысында қоршаған ортаны тікелей зерттеуге мүмкіндік бар. География, картография, археология, өлкетану, тарих, ботаника және өнер сабақтары тек дәріс форматында ғана емес, тікелей маршрут барысында өткізіледі, – деді ол.

Күн сайын үш сабақтан, барлығы 15 сабақ өткізу жоспарланған. Ұйымдастырушылар шартты түрде 16-шы пән деп теплоходты басқару үдерісімен танысуды атайды. Балалар капитанмен бірге су көлігін басқарып, кеме басқару және экипаж жұмысы туралы көбірек біле алады.

Сабақтарды Павлодар мен Астана қалаларынан келген мамандар өткізеді. Тарихшылар павлодарлық Кеңес Одағының Батырлары, олардың есімдері берілген көшелер мен елді мекендер туралы әңгімелейді. Жекелеген сабақтар туған өлкенің бейнелеу өнері мен өсімдіктер әлеміне арналады. Қатысушылар заманауи археологиялық құрал-жабдықтармен танысып, картамен жұмыс істеуді үйренеді, туристік құралдарды зерттейді. Сондай-ақ теңіз және мұхитпен дәстүрлі түрде байланысты халықтар, соның ішінде полинезиялықтар туралы мағлұмат алады.

Александр Вервекиннің айтуынша, академияда Павлодардан ғана емес, Екібастұз, Ефремовка, Новочерноярка елді мекендерінен келген 180 бала білім алуда. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Таврия ауылдық мектебінің оқушылары да жобаға қатысып отыр. Олардың арасында Павлодар география үйінің үйірмелеріне қатысатын балалар мен демеуші компаниялар қызметкерлерінің балалары бар. Күн сайын кемеде шамамен 40 бала болады.

12 жастағы қатысушы Қалқанбек Жәңгір үшін «Фарватер» жобасы жаңа білім алып қана қоймай, достар табуға да мүмкіндік берген.

– Мен мұнда өзім келдім, өйткені жаңа достар тауып, жаңа білім алғым келді. Бірнеше айдың ішінде «ПавГеода» бір жылда алатынымнан да көп білім алдым. Біз саяхаттаймыз, түрлі экскурсиялар мен презентацияларға қатысамыз. Маған бәрі ұнайды, – деді Қалқанбек.

Жүзбелі формат балаларға оқып жатқан тақырыпқа тікелей енуге мүмкіндік береді. Мәселен, әңгіме өзен туралы болса, сабақтың өзі өзен үстінде өтеді, ал өзен жайылмасы зерттелсе, оны теплоход бортынан тікелей бақылауға болады. Теория мен практиканың осындай үйлесімі «Фарватер» академиясының басты ерекшеліктерінің біріне айналып отыр.