Павлодар облысында мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау басталады
Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова Instagram-дағы парақшасында мәлім етті.
– Павлодар облысында 20 ақпан - 3 наурыз аралығында өз ісін ашуға ниетті кәсіпкерлерге 400 АЕК, яғнм 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың бірінші легі бойынша өтінім беру басталады. Өтінімдер жыл бойы төрт лекпен қабылданады деп жоспарлануда, – деп жазды Альмира Дисюпова.
Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Грантқа өтінім берушілер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
- Еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
- Қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;
- Өңіраралық қоныс аударушылар;
- Еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
- Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Өтінім беру үшін қажет:
- «Business.enbek.kz» порталда тіркелу;
- Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- Порталда көрсетілген бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше жасаған бизнес жоспар жарамайды);
- Өтініш нысанын толтыру және электрондық цифрлық қолтаңба кілтімен қол қою.
Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Фото: Константин Шелков