Павлодарлық өзге ұлт офицері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында жүлде алды

Павлодарлық өзге ұлт офицері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында жүлде алды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Байқаудың ІІ кезеңі Өскеменде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа Павлодар, Абай және Шығыс Қазакстан облыстарынан келген 7 өзге ұлт әскери қызметкері қатысқан. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырған соң мақал-мәтелдер айтудан сынға түсті. Шешуші «Өрлеу» кезеңінде арнайы сахналық қойылым ұсынды. 

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының отставкадағы подполковнигі Ботагөз Рыспаеваның айтуынша, сайыстың негізгі мақсаты – мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан тілдік саясатты жүзеге асыру, насихаттау, күнделікті жауынгерлік қызметте, қарым-қатынаста мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

– Біздің ана тіліміз, қазақ тілі – мәдени және рухани азығымыз. Сондықтан да оның қоғамда белсенді қолданып, одан әрі кеңінен қанат жаюына үлес қосу  – біздің міндетіміз, – дейді Ботагөз Рыспаева. 

Сайысқа қатысушылардың бірі – Павлодардағы 6679 әскери бөлімінің командирі, кіші сержант Николай Капитулин. Қазақ тілін бала кезінен жетік меңгерген ол әр азамат мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс екенін айтады.  

– Мен өзім қазақ тілін ауылда үйрендім. Қазір әскерде қазақ тілін әрі қарай жетілдіріп, меңгеріп жатырмын. Әскерге жан-жақтан сарбаздар келеді. Олардың арасында оңтүстіктің де жігіттері бар. Солардан да тілді одан әрі үйрене түсемін, – дейді Николай Капитулин.

Екінші кезеңнің жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.   

Айта кетейік, байқау Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйытқы болуымен жыл сайын ұйымдастырылады.