Рэпер Yenleak: Павлодарға шақырту алғанда таң қалдым
Бұл жайлы әнші Еңлік Құрарбек «Ertis promenade» сахнасында HALYQ DAUYSY халықаралық музыкалық фестиваліне дайындық кезінде Pavlodarnews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
– Павлодар қаласына қош келдіңіз! Көңіл күйіңіз қалай? Біздің қаладан қандай әсер алдыңыз?
– Көңіл күйім керемет, бірақ кішкене толқып тұрмын. Себебі, Павлодарға бірінші рет келіп тұрмын. Павлодарға шақырту алғанда мен үшін біраз қызық болды. Менің бұл қалада тыңдармандарым бар ма деген сұрақ туындады. Бүгінгі фестиваль өтетін орын қатты ұнады. Ертіс өзенін алғаш рет көріп тұрмын. Бүгін кешке Bipl, Dop, Shukir, Bir kem dunie атты әндерімді орындаймын.
– Қазіргі таңдағы қазақ музыкасы мен әндері жайлы айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда қазақ музыкасының қайта жаңару кезеңінің өткеріп жатыр деп айтар едім. Бірақ ұлттық болмысымызды жоғалтпай, заманға сай туындыларын шығаруда. Әртістер көп кавер айтқанды жақсы көре бермейді, сондықтан бұл әндерді тыңдарманның жүрегіне жеткізіп айту керек деп ойлаймын.
– Ән жазған кезде бірінші кезекте неге назар аударасыз?
– Бірінші орында әннің сөзіне көп назар аударамын. Себебі, жастар мен орта буын өкілдері сөзге қатты мән береді. Әннің мазмұнында бір оқиға жайлы баяндалса, тыңдарманға тезірек жететінін түсіндім.
– «Ескі әндер – есті әндер» демекші, жаңаша сарындағы әндер қаншалықты тыңдармандардың көңілінен шығып жатыр?
– Менің ойымша, бұл әндер ұрпақтан-ұрапаққа жалғаса береді. Себебі, қазақ музыкасының ғұмыры ұзақ. Оны тек жаңғырта береміз. Қазіргі менің орындауымдағы әндерді кішкентай кезімде анам айтып жүретін. Өзім де сол әндерді тыңдап өскеннен кейін халықтың жүрегіне жетті деп ойлаймын.
– Неше жасыңызда музыка әлеміне қашан келдіңіз?
– Өзім ес білгеннен бері музыкамен әуестеніп келемін. 2021 жылы продюсерім Нұржанды кездестірдім. Сол кезден бастап жұмыс басталып кетті. Негізі осылай болады деп ойлаған жоқпын. Бастапқыда тек хобби ретінде болады деп ойлағанмын. Себебі, мектепте жұмыс істеп жүргендіктен, музыканы тек хобби ретінде көрдім, алайда көпшілікке танылғаннан кейін мектепті тастап музыканы таңдадым. Енді әрі қарай қолымнан келгенше осы тілімізді дамыту үшін музыка саласында із қалдырғым келеді.
– Әндеріңізді сүйіп тыңдайтын жанкүйер жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Басында дұрыс түсінбей қала ма, тыңдарманның көңілінен шығар ма екен деген үреймен қатты қорыққан болатынмын. Ең бастысы, өзіңді қөрсетуден, айтудан қорықпау керек.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Қоғамға өзімнің қандай да бір пайдамды тигізу, артымнан із қалдыру.
– Алдағы уақытта жеке концерт беру ойыңызда бар ма?
– Әзірге жеке концертке әлі ерте деп ойлаймын. Репертуарымда негізі фиттармен санағанда 15 шақты туынды бар. Бірақ концерт беру үшін жеке өзімнің әндерімді толықтыру керек деп ойлаймын.
– Алдағы уақытта кіммен ән жазу ойыңызда бар?
– Фит жайлы әлі ойланбадық. Репертуарымдағы фиттардың саны жеткілікті сияқты. Алдағы уақытта достық, махаббат, жақсылық жайлы әндер шығарғым келеді.
Шараның бас серіктесі - «KAZ MINERALS» тобы