Павлодарлықтар фуд-баспа техникасын тамашалай алады

Павлодарлықтар фуд-баспа техникасын тамашалай алады
Фото: pexels.com/Wendelin Jacober

Облыс орталығында ерекше көрме ашылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

5 тамызда сағат 11.00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Айна» галереясында «Екі студия - бір өнер» атты көрменің ашылуы өтеді.

Көрмеде 50-ден астам кескіндеме мен 50-ге жуық сәндік бұйым ұсынылады. Мұнда қойылған жұмыстар әртүрлі жанрлығымен ерекшеленеді: графика, майлы және гуаш бояуларымен салынған суреттер, авторлық фуд-баспа техникасы, скетчинг, қағаз пластикасы мен аппликация, қауырсынға салынған көркем жазу, папье-маше техникасындағы жарқын туындылар, жеңіл пластилиннен жасалған мүсіндер, өзен құмы қолданылған сәндік паннолар бар.

– Бұл жай ғана көрме емес, бұл – ұрпақтар арасындағы үндестік, ұстаздан шәкіртке жеткен шабыттың мерекесі, өнерге деген сүйіспеншілікті біріктірген ашық алаң, – деді кітапханашылар.

Көрменің ашылуында қонақтарды Қызыл кітап жануарлары мен батик техникасындағы бұйымдар ұсынылатын дефиле, «Ұлы суретшінің көзімен – балалардың әлемі» атты картиналар топтамасының таныстырылымы, «Жазды бірге салайық!» атты бейнелеу өнері перформансы күтіп тұр.