Павлодарда Мемлекеттік Әнұран мәтінінің авторын еске алды

Павлодарда Мемлекеттік Әнұран мәтінінің авторын еске алды
Фото: Есенжол Исабек

Ғарифолла Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» кітабы бойынша оқырман конференциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақын, жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік Әнұран мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылды.

Шараға кітаптың авторы, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім мен Ж. Нәжімеденовтың қызы Әйкен Жұмекенқызы онлайн форматта қатысты.

–  Бүгін өңіріміздегі ғалым, зиялы қауым өкілдері мен жастардың және оқырмандардың басын қосып, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармаларын талқылаймыз, – дейді Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Әбділұлы.

Сонымен қатар, «Жыр сұңқары Жұмекен» атты онлайн-поэзия марафонына қатысушы жастар ақынның өлеңдерін оқыды.

Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық жолының басында ақынның 21 жасында жазылған ән 2006 жылдың 7 қаңтарынан ресми айналымға Әнұран ретінде енген «Менің Қазақстаным» әні болған. Ақынның жұбайы Нәсіп Мұстақызының айтуынша, ән бір қарағанда еліміздің миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған екен.

Айта кетейік, белгілі философ, жазушы Ғарифолла Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» (жалғыздық философиясы) эссе жанрында жазылған кітабы екі тараудан тұрады. Бірінші тарауда ақынның поэзиясына герменевтикалық-философиялық, мәтіндік талдаулар жасалған. Екінші тарауда Жұмекен Нәжімеденовтің трилогиясы «Ақ шағала», «Кішкентай» және «Даңқ пен дақпырт» романдарына тұңғыш рет мәдени-философиялық, көркемдік талдау жасалған. Ақын, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің творчествосына арналған тұңғыш зерттеу еңбек. Кітап әдебиеттанушыларға, мәдениеттанушыларға, магистрант-докторанттарға, жалпы көпшілік қауымға арналған.