Павлодарлықтар төбедегі мұздар туралы арнайы ұйымға хабарлауы тиіс
Коммуналдық қызмет қызметкерлері тұрғындардың өтініштеріне құлақ асуы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы мұздақтардан сақ болуға кеңес береді.
– Мүмкіндігінше ғимараттардың қабырғаларына жақындамаңыз. Ғимараттардан шыққан кезде шатырлардағы қар массаларының, мұздардың жиналуына назар аударыңыз, олардың құлауы мүмкін жерлерді айналып өтіңіз. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керек, – дейді басқармада.
Ғимараттар мен құрылыстарға жақын көліктерді қалдыруға болмайды, себебі олардың карниздерінде мұздақтар пайда болады. Сондай-ақ, көбінесе мұздақтар дренаждардың үстінде пайда болатынын есте ұстаған жөн, әсіресе үйлердің қасбеттері қауіпті болады.
Сонымен қатар, тротуарлардың мұз қатуына назар аудару керек. Үйлердің төбесінде мұздар болса, қызмет көрсету ұйымына хабарласу қажет. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, ғимарат жанынан өтіп бара жатқан адам алған барлық жарақаттары үшін меншік нысанына қарамастан, қызмет көрсететін кәсіпорындардың, құрылыстардың басшылары жауапты болады.
Ғимарат төбелеріндегі мұздың құлауы және төбеде жиылған қар сырғып түсуі мүмкін.
Оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар туындаған кезде дереу 112 телефоны бойынша құтқару қызметіне хабарлау қажет.