Павлодарлықтар жосықсыз жұмыс берушілердің тізіліміне түсуі мүмкін

Павлодарлықтар жосықсыз жұмыс берушілердің тізіліміне түсуі мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өз қызметкерлерінің еңбек құқықтарын бұзатын кәсіпорындардың тізімін қоғам қайраткерлері жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек құқықтарын қорғаудың, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейтудің және Еңбек кодексін бұзу жағдайларын жария етудің жаңа құралын таныстырды. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту және Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

– Жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылғандай, құқығын бұзған кез келген жұмыс беруші реестрге енгізілуі мүмкін.  Оған жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар реестрге енгізуге себеп бола алады,– деді қоғамдық қорда. 

Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес. Қолында еңбек шарты болмаса да, жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар. 

– Реестрдің жүзеге асырылуы еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз,– деді қор директоры Дана Рысмұхамедова. – Реестр – жай ғана тізім емес. Жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндігі. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін қордың adildik.org.kz сайтында арнайы форманы толтыру керек. Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі 2025 жылдың басында жарияланады.