Павлодарлықтар әлеуметтік көмекті жаңаша тағайындайды
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа тәсілдің негізгі қағидаты – атаулылық пен отбасының нақты мұқтаждығын бағалау. Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахымова мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жүйе отбасының материалдық жағдайын неғұрлым нақты бағалауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталмақ.
- Әлеуметтік төлем алушылардың әл-ауқатын бағалау кезінде отбасының кәмелетке толған барлық мүшесінің деректері назарға алынады. Ол үшін азаматтарға жеке деректерді өңдеуге келісім беру туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл келісім отбасының әл-ауқатын бағалау үшін қажет. Келісім берілмеген жағдайда бағалау жүргізілмейді, - дейді спикер.
Отбасының материалдық жағдайын анықтау кезінде әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда цифрлық отбасы картасы 24-тен астам мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Жүйе отбасының ресми табыстарын, жылжымайтын мүлкін, жер учаскелерін, көлік құралдарын және басқа да мәліметтерді ескеруге мүмкіндік береді.
Жаңа тәсіл бойынша отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлінеді. Оның ішінде «А» және «В» санаттарына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатқызылады. Әлия Рахымованың айтуынша, отбасының санатын анықтау кезінде тек ресми табыс қана емес, отбасының мүліктік жағдайы да ескеріледі.
Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы, тұрғын үйі, автокөлігі, жер учаскелері және кәсіпкерлік субъектілеріне қатысуы сияқты факторлар қаралады. 2027 жылдан бастап «А» және «В» санаттарына жатқызылған отбасыларға бірқатар әлеуметтік төлем тағайындалмайды.
Жаңа жүйеде отбасының санаты тұрақты түрде бекітіліп қалмайды. Мысалы, отбасы мүшелерінің бірі жұмысынан айырылып, табысы төмендесе немесе отбасы қиын жағдайға тап болса, оның әл-ауқат санаты да өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайда отбасы белгіленген талаптарға сәйкес қайтадан әлеуметтік қолдау шараларын алуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар отбасының нақты жағдайын анықтау үшін сауалнама жүргізіледі. Бұл ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің отбасының шынайы жағдайына сәйкестігін нақтылау үшін қажет.
Табысы жоғары және мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес екенін түсінетін азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларынан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі де беріледі. Бұл туралы азаматтарға арнайы SMS-хабарлама жіберіледі.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа механизмнің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды оған шын мәнінде мұқтаж, қиын жағдайдағы отбасыларға бағыттау. Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Ал оның жекелеген тетіктерін 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланған.