Павлодарлыққа сапасыз ас үй гарнитуры үшін ақшаны қайтаруға көмектесті
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сот процесіне үшінші тұлға ретінде қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың ақпан айында тұтынушы әлеуметтік желілерде жиһаз жасау туралы хабарландыруды көріп, осы дүкенде ас үй гарнитурына және кіреберіске тапсырыс беруді шешеді. Бұдан әрі тұтынушы мен жеке кәсіпкер арасында жиһазды бөліп төлеуге 1 миллион теңгеден астам сомаға шарт жасалды. Шарт дұрыс орындалмады.
Тұтынушының айтуынша, жиһаздың көптеген ақаулары бар және сапасыз жасалған. Осыған байланысты тұтынушы 1 миллион теңгеден астам соманы қайтаруды талап етуде.
Осыны ескере отырып, департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабының 4-тармағына сәйкес орындаушы жұмыстың, көрсетілетін қызметтің тиісті сапасын қамтамасыз етуге міндетті екенін түсіндіреді.
– Заңның 35-бабына сәйкес тұтынушы орындалған жұмыста (көрсетілетін қызметте) кемшіліктерді анықтаған кезде өз таңдауы бойынша орындалған жұмыстағы кемшіліктерді тегін жою; орындалған жұмыс үшін сыйақының тиісті төмендеуі; сапасы бірдей біртекті материалдан басқа затты тегін өндіру немесе жұмысты қайталап орындау; егер тұтынушының оларды жою құқығы шартта көзделген болса, ақауларды жоюға жұмсаған шығындарын өтеуді талап ете алады, – деді ведомствода.
Сонымен қатар, егер орындалған жұмыстағы кемшіліктерді орындаушы белгіленген мерзімде жоймаса не жұмыстағы шарт талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы өзге де кемшіліктер елеулі немесе жойылмайтын болып табылса, тұтынушы шартты бұзуға және залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.
– Тұтынушы қалалық сотқа ақшалай қаражатты өтеу және шартты бұзу туралы талап арызбен жүгініп, департаментті үшінші тұлға ретінде тартты. «Медиация туралы» ҚР Заңына және ҚР Азаматтық процестік кодексіне сәйкес татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын Павлодар қалалық сотының шешімі бойынша дайындалған ас үй гарнитурасындағы кемшіліктерді жою (бүйірлік алжапқышты ауыстыру, үстелдің жиегін өзгерту, жоғарғы шкафтардағы 7 қасбетті ауыстыру және басқалары) шарттарымен сот медиациясы тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасты, – дейді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің баспасөз орталығында.
Сондай-ақ орындаушы тұтынушыға өтемақы ретінде 168 мың теңге көлемінде тапсырыстың 16%-ын төлеуге міндеттелді.
Департамент облыс тұрғындары осыған ұқсас жағдайға тап болса, құқықтарын қалпына келтіру үшін Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша немесе өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы E-otinish.gov.kz, бірыңғай ақпараттық жүйе E-tutynushy.kz немесе +7(7182)55-10-70 сенім телефонына хабарласу арқылы жүгіне алатынын еске салуда.