Полиция Железин ауданында тіркелмеген қару мен заңсыз аңшылықты анықтады
Екі тұрғын рұқсатсыз борсық інін қазғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қазан мен 19 қараша аралығында табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ экологиялық құқықбұзушылықтарды ашуға бағытталған республикалық «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
– Рейдтік іс-шаралар барысында Железин ауданының полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 15 дерегін анықтады. Атап айтқанда: аң аулау қағидаларын, балық аулау ережелерін бұзу, азаматтық қаруға арналған оқ-дәрілерді тасымалдау тәртібін сақтамау, сондай-ақ тіркелмеген қаруды сақтау фактілері тіркелді. Мысалы, ауданның екі тұрғыны Безводное ауылы маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз борсықты аулау мақсатында оның інін қазумен айналысқан. Аңшылық ережелерін бұзғаны үшін олардың атына әкімшілік хаттамалар толтырылды, – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін аңшылық ережелерін қатаң сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.